Қазақстандықтар енді бейнебайланыс арқылы салық және кеден сұрақтары бойынша кеңес ала алады
2024 жылдың 14 қазанынан бастап салық және кеден мәселелері бойынша кеңестерді (салық төлеушілер, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар) мемлекеттік кірістер органдарынан бейнебайланыс арқылы ала аласыз. Бұл туралы Қаржы министрлігі хабарлады.
«Біз кеңес алу процесін жеңілдетіп, ыңғайлы және қолжетімді етуді көздеп отырмыз, сондықтан мемлекеттік кірістер органдарына барудың қажеті жоқ. Арнайы төменде көрсетілген Qr-кодты немесе https://kgd.qosyl.kz сілтемесін бассаңыз жеткілікті, бейнеқоңырау тегін», – делінген хабарламада.
Салық және кеден қызметтері бойынша кеңес алу үшін сервис терезесіндегі «Аймақ» бөлімінде қажетті облысты немесе республикалық маңызы бар қаланы таңдау керек. Ал салықтық/кедендік міндеттемелерді орындауға қатысты басқа мәселелер бойынша Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) таңдалады.
Еске сала кетейік, бұған дейін eGov порталында жүрілген автокөліктердің бұрынғы иелеріне қатысты толық мәліметті көруге болатын жүйе іске қосылған еді.