Люксембургте Еуропа Одағы мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық кеңесінің 21-отырысы өтеді

Жарияланды (жаңартылды )
Люксемберг
Люксембургте Еуропа Одағы пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық кеңесінің 21-отырысы өтеді/ фото: enjourney.ru

14 қазан, дүйсенбі күні, Люксембургте Еуропа Одағы пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық кеңесінің 21-отырысы өтеді.

Тараптар саяси, экономикалық және сауда мәселелерін, сондай-ақ қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты талқылайды. «Global Gateway» тобының бастамалары және аймақтық, халықаралық іс-шаралар туралы айтылады.

Еуропа Одағы Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілінің атынан Венгрияның Сыртқы істер және сауда министрі Петер Сиярто кеңес отырысына төрағалық етеді. Қазақстандық делегацияны Премьер-Министрдің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу басқарады.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметі бойынша Еуропа Одағы Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық әріптесі. Қазақстандық сыртқы сауда мен жинақталған шетелдік инвестициялардың жартысына жуығы ЕО үлесіне тиесілі.

2023 жылғы қаңтар-қарашада тауар айналымы 37,7 млрд долларға  (+ 3,2%) жетті. Экспорт – 28,1 млрд, (-6,4%), импорт – 9,6 млрд  долларды (+ 32,3%) құрады.

2024 жылдың бес айында Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы сауда 20,2 млрд доллар болды.  Бұл – елдің жалпы тауар айналымының 37%-ы.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-сессиясының жалпы дебатында Орта Азия мен Еуропа байланысы туралы айтты.

«Біздің мемлекет қазірдің өзінде Азия мен Еуропа арасында құрлық арқылы тасымалданатын транзиттік жүктердің 80%-ы үшін жалғастырушы көпір болып табылады. Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» жобасы, «Жаһандық қақпа» бастамасы, сондай-ақ Солтүстік-Оңтүстік пен Транскаспий маршрутының халықаралық көлік дәліздері арасындағы синергияны нығайтуға ұмтылады», – деді министр.

«Қазақстан – Еуропалық Одақ» ынтымақтастық кеңесінің 20-шы отырысында тараптар Қазақстан Республикасының көлік-логистикалық әлеуетін іске асыру жолымен Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік дәліздерді әртараптандыру жөніндегі бірлескен іс-қимылдарды, оның ішінде ЕО-ның «Global Gateway» стратегиясының мақсаттарын Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің даму жоспарымен ұштастыру мәселесін талқылады.

Сондай-ақ оқыңыз