Жаңалықтар

Астанада коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеуде

Фото: kursiv.media архивінен

Астанада қар жауғасын коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Жексенбіге қараған түні қауырт жұмыс басталып кеткен.

 «Ауа райының қолайсыздығына, температураның өзгеруіне және қатты жауын-шашынға байланысты көшеде көктайғақ пайда болады. Елорда тұрғындарының ыңғайлы жүріп-тұруы үшін жолдарға, тротуарлар мен көшелерге техникалық тұз және басқа да реагенттер себіледі», – деп ескертті Астана әкімдігі.

Елорданың бес ауданын мұздан арылтуға 600-ге жуық арнайы техника мен 2000 жұмысшы жұмылдырылатыны жазылған. Бірінші кезекте орталық көшелер, жолаушылар көлігі жиі қатынайтын көшелер, аялдамалар және тротуарлар тазаланады.

Сенбі, 12 қазан күні қала маңында жүретін алты автобус маршруты тоқтатылды. Астана әуежайында сегіз рейс шегерілді.

Айта кетейік, солтүстік өңірлерде қар түсіп, жолдар жабылған еді. «ҚазАвтоЖол» компаниясы 13 қазан күні таңмен Қарағанды, Ақмола, Павлодар облыстарында республикалық трассалар ашық екенін хабарлады.