Қазақстанда қазан айының екінші жексенбісі – Мүмкіндігі шектеулі жандар күні. Мәдениет және ақпарат министрлігі жыл соңына дейін Қазақстанда «Шекарасыз мәдениет» акциясын іске қосты. Аталған акцияның мақсаты – мүгедектігі бар адамдарға қолдау білдіру, олардың проблемаларына қоғам назарын аудару.
«Шекарасыз мәдениет» науқаны 2024 жылдың 13 қазаны мен 31 желтоқсаны аралығында өтеді. Мәдениет министрлігі баспасөз қызметінің мәліметі бойынша акция аясында I, II және III топтағы мүгедектер мемлекеттік мәдени ойын-сауық мекемелері өткізетін іс-шараларға тегін қатыса алады.
«Бейінді мемлекеттік мекемелердің мәдени ойын-сауық іс-шараларына ерекше қажеттіліктері бар балалар мен бірінші және екінші мүгедектік тобы бар ересектер тұрақты түрде тегін қатыса алатынын атап өту қажет. Үшінші топ үшін 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған», – деп хабарлады министрлік.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сай елде ерекше қажеттілігі бар 732 мыңнан астам адам бар. Оның ішінде 418,6 мың азамат еңбекке қабілетті (57,2%), 201,1 мыңы – зейнеткерлер (27,5%), 112,3 мыңы – 18 жасқа дейінгі балалар (15,3%). 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында республикалық бюджеттен 542 200 мүгедек санатындағы тұрғынға 357 млрд теңге мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төленді.
Биыл Париждегі Паралимпиада ойындарында ел спортшылары үздік нәтиже көрсетті. Республика құрамасы 9 медальға ие болды: 2 алтын, 3 күміс және 4 қола. Қазақстан 39-орынға тұрақтады.