Temu компаниясы 21 қазанға дейін заңсыз өнімдермен қалай күресетінін ЕО комиссиясына түсіндіруге тиіс
Қытайдың Temu онлайн-дүкені 21 қазанға дейін «Цифрлы қызметтер туралы» заңға (DSA) сәйкес Еуропалық комиссияның заңсыз өнімдер туралы сұрақтарына жауап беруі керек.
Комиссия Қытайдың Temu сауда алаңынан жұма күні өз платформасында заңсыз өнімдерді жеткізушілерге қарсы қабылдаған шаралары туралы қосымша ақпарат беруді сұрады. Сұраныс ЕО онлайн-сауда ережелеріне сәйкес жасалды деп хабарлады Еуропалық комиссия.
Еuronews жазуынша, компания заңсыз өнімдерді тарату, тұтынушылардың құқығын қорғау, кеңес беру жүйелері және пайдаланушылардың жеке деректерін қорғау қаупі туралы ақпаратты ұсынуы керек.
Мамыр айында комиссия Temu алаңын заңға сәйкес өте үлкен онлайн платформа ретінде белгіледі, себебі ондағы жазылушылар саны ЕО-дағы орташа айлық көрсеткіші бойынша 45 миллион пайдаланушының шегінен асып түсті.
Компания қыркүйек айының соңына дейін DSA бойынша қатаң ережелерді сақтауға, соның ішінде оның қызметтеріне байланысты жүйелік тәуекелдерді азайтуға және контрафакт өнімдерді сатуға жол бермеуге тиіс болды.
Бір ай бұрын тұтынушылар ұйымдарының еуропалық желісі (BEUC) тұтынушыларды қорғай алмағаны және манипуляциялық әрекеттерге барғаны үшін DSA бойынша ұлттық реттеушілер мен Еуроодақ комиссияcына Temu-ға қарсы шағым түсірді.
Айта кетейік, Temu негізін 2022 жылы PDD Holdings қалаған. Temu және Pinduoduo маркетплейстеріне иелік ететін қытайлық PDD Holdings қолхаттары 26 тамыздағы сауда-саттықта шамамен 30%-ға құлдырады. Салдарынан компанияның капиталы 55 млрд долларға азайды, ал оның негізін қалаушы Қытайдағы ең бай адам мәртебесінен айырылды.
«Цифрлы қызметтер туралы» заң (DSA) 2023 жылдың ақпан айында күшіне енді. Барлық онлайн платформа осы заңға бағынады. ЕО атқарушы органы Meta, AliExpress және TikTok сияқты желілердің талапты сақтамауына байланысты бірнеше тексерісті бастады.