Қор нарығына шолу: Франция қаржылық қыспақта, Қытайдағы дефляция, ЖИ-ден төнген қауіп

Жарияланды
дефляция в Китае
Фото: Shutterstock

Қытай билігі тұтынушылық сұраныс пен қор нарығын ынталандыруға бағытталған қосымша шараларды кең көлемде ұсынған жоқ. Сөйтіп инвесторлардың үміті ақталмады. Ол аздай елде дефляция күшейіп, әлемнің екінші экономикасына қауіп артып келеді. Ал АҚШ-тағы инвесторлар оптимистік көзқарасты ұстанып отыр. Бұған басты себеп – ФРЖ-ның жұмсартуы мен экономиканың тұрақтылығы. Дегенмен пессимистер акциялар бағасының шамадан тыс жоғарылауына және жасанды интеллектіден төнетін қауіпке назар аударуды ескертті.

Қыркүйек айының қорытындысы бойынша Қытайда дефляциялық қысым күшейді

Қытайдағы тұтынушылық инфляция күтпеген жерден төмендеді, ал өндірушілер бағасының дефляциясы күшейді деп хабарлады Reuters. Өткен айда тұтыну бағаларының индексі өткен жылмен салыстырғанда 0,4%-ға өсті, бұл үш айдағы ең баяу қарқын (тамызда 0,6% болды). Өндіруші бағаларының индексі жылдық есептеуде 2,8%-ға төмендеді – бұл алты айдағы ең жылдам қарқын (тамызда 1,8%).

Бұл деректер ел билігіне қысымды арттырды. Әлсіреген сұраныс пен тұрақсыз экономикалық белсенділікті ынталандыру үшін қосымша шаралар қажет екені айқын. Кейінгі апталарда Қытай билігі ауқымды ынталандыру бағдарламаларын жариялады. Бірақ сарапшылар бұл шаралардың жеткіліксіз екенін бірнеше рет айтты.

Қаржы министрі Лань Фоан сенбі күні өткен баспасөз мәслихатында 2024 жылы «контрциклдік шаралар» көбірек қабылданатынын мәлімдеді. Бұл шаралар қазанның соңында немесе қарашаның басында жариялануы мүмкін.

«Инвесторлардың жалпы көңіл-күйі теріс», – деп атап өтті Бейжіңнің Chanson & Co инвестициялық банкінің директоры Шэнь Мэн.

Өткен аптада CSI 300 индексі 3,3%-ға төмендеді, бірақ әлі де 23 қыркүйектегі жағдаймен салыстырғанда 21%-ға жоғары. Гонконгтағы Hang Seng China Enterprises индексі өткен аптада 6,6%-ға кеміді. Ал алдыңғы үш аптада 30%-дан астам өсім көрсеткен еді.

«Бұқа» нарығы екі жылға созылып келеді

Жасанды интеллектіге қызығушылық, сондай-ақ АҚШ экономикасының тұрақтылығы нәтижесінде S&P 500 индексі кейінгі екі жылда 60%-дан жоғары өсім көрсетті. Yahoo Finance-ке сұхбат берген Уолл-стрит стратегтері «бұқа» нарығы жалғасады деп санайды.

Оны ФРЖ мөлшерлемесінің төмендеуі ынталандырып отыр. «Бұған қоса АҚШ нарығындағы өсім толқыны орташа есеппен 5,5 жылға созылып, осы кезеңдегі орташа өсім 180%-ды құрайды», – деді Carson Group-тың бас нарықтық стратегі Раян Детрик.

Кейінгі бірнеше аптада Уолл-стриттің стратегтері бірнеше акция бойынша негізгі индекстің 2024 жылдың соңына және 2025 жылы да өсуді жалғастыратынын болжады. Атап айтқанда, BMO Capital Markets-тың бас инвестициялық стратегі Брайан Бельски 2024 жылдың соңына қарай S&P 500 индексінің мақсатты көрсеткішіне қатысты өз болжамын 6100 тармаққа дейін (бұрын 5600 тармақ болған) көтерді.

Алайда Goldman Sachs-тың акциялар бойынша бас стратегі Дэвид Костин жоғары бағалау индекс өсімінің әлеуетін 2025 жылы шектей алатынын атап өтті. Бұған Charles Schwab компаниясының аға инвестициялық стратегі Кевин Гордон да келісіп отыр. Ол қазіргі жағдайды 1990 жылдардың соңындағы «доткомдар көпіршігімен» салыстырды.

«Жасанды интеллектінің өкіл әкесі» Йошуа Бенджио: «Бізден мықты монстрлар жасап жатырмыз»

Канадалық компьютер ғалымы Йошуа Бенджионы «жасанды интеллектінің өкіл әкесі» деп атайды. Себебі оның зерттеулері бүгінде біз қолданатын дүниелерге, соның ішінде OpenAI-дың ChatGPT моделіне жол ашты. Yahoo Finance-ке берген сұхбатында: «Жасанды интеллект билікті шоғырландыра алады: экономикалық үстемдік, әскери артықшылық, саяси ықпал. Сондықтан біз өте сақ болуымыз керек», –деді ол.

Бенджионың беделін және ЖИ жобаларына салынған инвестициялардың өтелу мерзіміне қатысты кейбір сарапшылардың күмәндерін ескерсек, бұл мәлімдеме айтарлықтай маңызды. 2024 жылдың басынан бері Nvidia акциялары 172%-ға өсті, ал S&P 500 индексі 21%-ға ғана артты. Бенджио Nvidia-ға инвестицияларды «ұзақмерзімді бағыттағы қауіпсіз басымдық» деп атады. Алайда бұл тек ЖИ технологиялары қоғамға қауіп төндірмеуі керек. Әйтпесе, «бәрі құлап кетуі мүмкін».

Өкінішке қарай, Бенджио ЖИ жарысындағы корпорациялардың қауіпсіздікке дұрыс көңіл бөлмейтінін атап өтті. Дегенмен, Anthropic-тің осы бағыттағы күш-жігерін жоғары бағалады.

ЕОБ жаһандық жұмсартуды одан әрі жалғастырмақ

Еуропа орталық банкінің шенеуніктері бір ай бұрын ғана мөлшерлемені одан әрі төмендету мүмкіндігін жоққа шығарған еді. Bloomberg енді жағдай өзгерді және осы аптада реттеуші саясатты жұмсартуды жалғастырады деп болжанып отыр деп жазды .

Шешімдер арасындағы уақыт небәрі бес апта болғандықтан және жаңа мәліметтердің аздығына байланысты ЕОБ өкілдері инфляциялық қысымды сақтау туралы мәлімдеме жасаған жоқ. Сондықтан экономистер осы аптада ширек тармаққа қысқарту болады деп санайды.

Естеріңізге сала кетейік, 12 қыркүйектегі мөлшерлеме туралы шешімінде шенеуніктер қазан айында одан әрі жұмсартуды іс жүзінде жоққа шығарған еді. Мысалы, Словакия Орталық банкінің басшысы Петер Казимир «келесі қадамды желтоқсанға дейін күтуіміз мүмкін» деп мәлімдеді. Bloomberg сауалнамасы бойынша, экономистер ЕОБ еуроаймақ экономикасындағы проблемалар сақталып отырғандықтан, ақша-несие саясатын жұмсартуды жеделдетеді деп есептейді.

Франция «қаржылық қыспаққа» түсті

Fitch рейтингтік агенттігі Францияны Еуропадағы қаржылық жағдайы ең нашар елдердің бірі деп атады. Өйткені оның мемлекеттік қарызы мен бюджет тапшылығы жаңа үкіметтің күш-жігеріне қарамастан, өсе береді деп болжанып отыр. Рейтинг әзірге AA– деңгейінде өзгеріссіз қалды. Бірақ Fitch үкіметтің бюджеттік жоспарлары іске аспаса, рейтинг төмендеуі мүмкін екенін ескертті.

Бұл Францияның жаңа премьер-министрі Мишель Барнье 2025 жылға арналған қатаң бюджетті ұсынған күннің ертеңінде орын алды. Онда шығындарды айтарлықтай қысқарту көзделген. NYT Франция экономика министрі Антуан Арман үкімет «мемлекеттік қаржы траекториясын өзгертіп, қарызды бақылауға алуға бел буғанын» мәлімдеді деп жазды .

Франция – Еуропадағы екінші ірі экономика. Германиядағы проблемаларды ескере отырып, Франциядағы қаржылық дағдарыс еуроаймақтағы жағдайды одан әрі нашарлатуы мүмкін. Республика билігі ЖІӨ-нің 60% деңгейінде мемлекеттік қарыз шегін айтарлықтай асырып жіберді. Іс жүзінде бұл көрсеткіш қазір 110%-дан асты. Бұл Греция мен Италиядан кейінгі ЕО-дағы ең нашар көрсеткіш.

Fitch 2028 жылға қарай Францияның мемлекеттік қарызы ЖІӨ-нің 118%-на, ал бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің 6,1%-на дейін өсуі мүмкін екенін ескертті.

Сондай-ақ оқыңыз