Қазақстан 2030 жылға қарай мұнай-химия өнімдері өндірісін 5 есе арттырмақ
Энергетика министрлігі мұнай-химия өнеркәсібін дамытудың жол картасын әзірлеген. Соған сәйкес, 2030 жылға қарай саладағы өндіріс көлемі 1,8 млн тоннаға дейін жетуі тиіс. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда бес есе артық. Министрліктің хабарлауынша, жол картасын ел үкіметі бекіткен.
«Энергетика министрлігі шикізатпен қамтамасыз етуден бастап түпкілікті өнім шығаруға дейінгі іс-шараларды қамтитын «Мұнай-газ химиясы өнеркәсібін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған Жол картасын» әзірледі. Құжаттың мақсаты – мұнай-газ химиясы саласын дамыту және осы саладағы жобаларды іске асыруға жәрдемдесу. Жол картасының ережелерін орындау шеңберінде мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру көлемін 2023 жылғы 357,8 мың тоннадан 2030 жылға қарай 1,8 млн тоннаға дейін ұлғайту көзделген», – деп жазады министрлік.
Жол картасын жүзеге асыру барысында мұнай-газ химиясы саласында іске асырылатын және жаңа жобаларды қажетті шикізатпен қамтамасыз ету жоспарланған. Осы мақсатта 14,7 млрд доллар инвестиция тартылмақ. Нақты 6 жоба қолға алынып, 3,5 мың тұрақты жұмыс орны құрылады.
Одан бөлек, Атырау облысындағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағында қажетті инфрақұрылым салынады. Шығарылған өнімді өткізетін нарықтарды ашып, ішкі тұтынуды ынталандырмақ.
«Ғылыми базаны, адами капиталды жетілдіру, сондай-ақ тиісті нормативтік-құқықтық және техникалық құжаттарды қабылдау есебінен саланы дамыту үшін жағдайлар жасау көзделеді», – деп жазылған хабарламада.
Бұл арнайы экономикалық аумақ 2007 жылы құрылған және 2032 жылға дейін жұмыс істейді. Оны құрудағы мақсат – көмірсутек шикізатын терең өңдеу және жоғары қосылған құны бар кең бәсекеге қабілетті мұнай-химия өнімдерін шығаратын өндірісті дамыту.
Қазақстан Қытай және Ресей компанияларымен бірлесіп, 7,7 млрд долларға газ-химия кешенін салуды қолға алды. Салынатын зауыт үлесі үш компанияға тиесілі болады. Онда «ҚазМұнайГаз» үлесі – 40%, SINOPEC үлесі – 30%, СИБУР үлесі– 30%-ды құрайды.