Қазан айының басында теңгенің күрт әлсіреуі – Ұлттық банк ұстанған валюталық саясаттың тиімсіздігінің дәлелі. Halyk Finance АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірханов Ұлттық банк теңгенің тұрақтылығын қолдауда кеш қимылдап, реттеуші теңгенің әлсіреу себептерін нақты түсіндіре алмады деп сынады. Сарапшының пікірінше, осы кезде Ұлттық банк зейнетақы қорына доллар сатып алуды тоқтатудың орнына, БЖЗҚ инвесторларының мүддесіне қайшы келетін қымбат валютаны сатып алуды жалғастырған.
Сарапшы бас банк жағдайда бақылауда ұстап отырмыз дегенімен, теңге бағамының өзгерісіне кеш реакция білдіргенін айтады.
Теңге қалай әлсіреді?
Қазан айының алғашқы 10 күнінде АҚШ долларының теңгеге шаққандағы бағамы 480,35 теңгеден 491,74 теңгеге жетіп, ұлттық валюта күрт құнсызданды. Алайда Ұлттық банк валюта бағамының құбылуына тек 11 қазан күні реакция танытып, «теңгенің құнсыздануына экономикадағы іргелі факторлар әсер етіп жатпағанын, БЖЗҚ-ға валюта сатып алуды тоқтататынын» мәлімдеді. Сонымен қатар «қажет болса, интервенция жүргізетінін» жеткізді. ҰБ мәлімдемесінен кейін, доллар бағамы 486,86 теңге деңгейінде тұрақтанды.
«Біздің ойымызша, Ұлттық банктің валюта бағамы саясаты, мұндай өзгеріске дер кезінде жауап беріп, теңгенің бұлай әлсіреуіне жол бермеуі керек. Теңгенің кұнсыздануына әсер ететін іргелі факторлар болмаса да, ұлттық валюта айтарлықтай әлсіреген кезде, халық пен бизнестің девальвациялық күтулеріне кері әсер ететіні сөзсіз. Девальвацияны күту – өз кезегінде ұлттық валютаға деген сенімсіздікті арттырады», – дейді сарапшы.
Сарапшы Ұлттық банктің қазақстандықтардың зейнетақы қорына доллар сатып алуына қатысты да түрлі сауал туып отырғаныны айтады. Бір жағынан Ұлттық банк бюджет тапшылығын жабу үшін Ұлттық қордан ай сайын белгілі бір мөлшерде қаражат алып, ол валюта ең соңында нарыққа жөнелтіледі. Екінші жағынан нарықта доллар ұсынысы артып кетпес үшін Ұлттық банк БЖЗҚ-ға валюта сатып алады. Осылайша реттеуші валюта нарығындағы бағам құбылуының «тігісін жатқызуға тырысады». Дегенмен Темірхановтың айтуынша, БЖЗҚ қаржысына қымбат долларды сатып алу – қор инвесторларының мүддесіне сай келмейді.
«БЖЗҚ қаражаты Ұлттық қордан валюта сату құбылмалылығын бейтараптандыруға жұмсалғандықтан, теңгенің әлсіреуі сынды теріс тенденция пайда болған кезде, Ұлттық банк қазан айында БЖЗҚ үшін валюта сатып алуды тоқтатуы керек еді» , – деп жазады Темірханов.
Сарапшы Ұлттық банк теңге бағамын реттеу үшін БЖЗҚ қаражатын пайдалануды тоқтатуы керек деп тұжырымдайды. Оның пікірінше, бұл үшін Ұлттық банк өзі интервенция жүргізуі керек. Сонымен қатар Темірханов Қазақстанның валюта нарығы шағын және дамымаған, сондықтан Қазақстанда теңге бағамының «еркін өзгермелі» болуы мүмкін емес деп санайды. Нарықтағы мәмілелердің басым бөлігін Ұлттық банкті қоса алғанда, негізгі бес қатысушы жүзеге асырады.
«Нарық өтімділігі төмен, қатысушылар саны аз және біркелкі, сондай-ақ туынды құралдар нарығының дамымауы – валюта нарығында тұрақты түрде Қазақстан биржасында валютаға сұраныс пен ұсыныс арасында үлкен теңгерімсіздік орын алатынын білдіреді. Бұл нарықта теңге бағамының қатты құбылуына әкеп соғары сөзсіз», – деп атап өтті сарапшы.
Осы реттте Halyk Finance Ұлттық банк теңгенің «басқарылатын өзгермелі режимін» қолданып жатқанын ресми түрде мойындауы керек деп тұжырымдайды. Қазақстандағы қор, ақша және валюта нарықтары толық дамығанға дейін сақтауы керек деп есептейді. Темірхановтың айтуынша, бұл тәжірибе бүкіл әлемде кең таралған.
11 қазан, жұма күнгі брифингте Ұлттық банк төрғасы Тимур Сүлейменов жағдай тұрақты екенін, доллардың жыл соңына дейін қатты көтерілмейтінін мәлімдеді. Бас банкир алдағы уақытта теңге бағамы тұрақтанатынын айтты. Оған Ұлттық қордағы долларларды сату арқылы қол жеткізілмек. Үкімет Ұлттық қордан қосымша трансферттер сұраған. Сол трансферттермен қамту үшін қазан айында қордан Қаржы министрлігі сұратып отырған бюджетке арнап, рекордтық көлемде доллар сату жоспарланған.