Елімізде қаңтар-қыркүйек айларында  5,3%-дық ең жоғары экономикалық өсім тіркелді

Жарияланды
Экономикалық өсімге қай сала үлесі қосуда? / Фото: kursiv.media

Жоғары өсімге қай сала үлесі қосуда?

2024 жылғы қаңтар-қыркүйекте 2023 жылғы қаңтар-қыркүйекке қарағанда, қысқамерзімді экономикалық индикатор(ҚМИ) 105,3%-ды құрады.

Бір жыл бұрынғы көрсеткішке қарағанда, 2024 жылғы қаңтар-қыркүйекте нақты көлем индексінің ең үлкен өсімін көрсеткен салалар – ауыл шаруашылығы (111,4%),құрылыс (110,1%) және көлік және қоймалау (108,0%) болды.

Ал нақты көлем индексінің ең аз өсімін көрсеткен өнеркәсіп (103,1%), сауда (106,3%) және байланыс (106,4%) салалары болды.

                                   

Ауыл шаруашылығы «драйвер» ретінде

Қазақстанда ауыл шаруашылығы – ел экономикасының маңызды салаларының бірі, әрі оның дамуында тұрақты өсім байқалып келеді. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі артып, мемлекет бұл салаға айтарлықтай қолдау көрсетуде. Өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы негізгі бағыттар болып отыр. Алайда Үкімет былтырғы осы саладағы нашар көрсеткіш, төменгі база осы жылы жоғары қарқынды көрсетуі тиіс деп болжам жасап отыр.

ҚР ҰСБ мәліметіне назар аударсақ, биыл қаңтар-қыркүйек айларында ауыл, орман және балық шаруашылығындағы өсім 111,4%-ға өскен. Бұл ҚМИ салаларындағы ең жоғары өсім болып отыр.

Аймақтар бойынша тек Атырау облысы «қызыл аймақта»

Биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Атырау облысының экономикалық өсімі (-5% ға) азайып, өңірлер бойынша жалғыз теріс мәнді көрсетуде. Облыстың өсімі тоқтап, керісінше азаюына шикі мұнай мен газды өндірудегі нашар көрсеткіш себеп болған.

2024 жылғы қаңтар-қыркүйекте бір жыл бұрынғы осыған ұқсас кезеңге қарағанда басым өңірлер бойынша ҚМИ-дың оң өсім қарқыны байқалады. Теріс өсім Атырау облысында (95,0%) қалыптасты. Ал ең үлкен өсім қарқынын Жетісу (114,4%), Ұлытау (114,4%) және Қарағанды облыстары (113,1%) көрсетті.

Үкіметтің биыл 6% өсімді қамтамасыз етпек болған жоспары орындала ма?

Ұлттық экономика министрлігі жақында бекіткен «Қазақстан Республикасының 2025–2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму» болжамында 2024 жылдың қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 106,0%-ды құрауы тиіс. Жоспарда биыл жыл қорытындысы бойынша ЖІӨ номиналды 134,3 трлн теңге немесе 291,9 млрд долларға жетуі тиіс. Ал ЖІӨ-нің жан басына шаққандағы деңгейі 14 484 долларға жуық қалыптасады деп жоспарланып отыр. Алайда осы жылдың 9 айында (қаңтар-қыркүйек) ҚМИ өсімі 5,3% көлемінде қалыптасты. Бұл биылғы жылдың ең жоғары көрсеткіші болғанымен, Үкімет жоспарынан төмен нәтиже.

Қысқамерзімді экономикалық индикаторды есептеу жеделділікті қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады және ЖІӨ-нің 60%-нан астамын құрайтын ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, сауда, көлік және байланыс сияқты негізгі салалар бойынша шығарылым индекстерінің өзгеруіне негізделеді.

Сондай-ақ оқыңыз