Биыл Қазақстан мемлекеттік бағалы қағаздарына (МБҚ) бейрезиденттердің сұранысы 2 есе артқан. Қазақстан жеке инвестолар қауымдастығының жазуынша, бұл дерек Ұлттық банктің сарапшылармен кездесуде айтылған.
2024 жылдың басынан Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздар нарығында бейрезиденттердің екі есе өсіп, салған қаржысы 1 трлн теңгеге жеткен.
Реттеуші мемлекеттік бағалы қағаздар нарығына шетелдіктер ағынын арттыруды жоспарлап отыр: Қазақстан МБҚ-сы Morgan (GBI-EM Government Bond Index-Emerging Markets) егемен бондтары қатарына енбек.
Сонымен қатар МБҚ қайталама нарығының өтімділігін арттыру үшін 2025 жылдың бірінші тоқсанынан бастапқы дилерлер институтын толық енгізу жоспарланған.
Десе де сарапшылар бұл нарықта бейрезиденттер қатары көбеюінің тәуекелі жоғары екеніне назар аударады. Өйткені дағдарыс бола қалса, шетелдік инвесторлар қазақстандық бағалы қағаздардан бірден бас тартуы мүмкін.
Мемлекеттік бағалы қағаздар нарығы – бұл мемлекет тарапынан шығарылатын бағалы қағаздармен (облигациялар, вексельдер, қазынашылық міндеттемелер) сауда-саттық жүргізілетін нарық. Мемлекеттік бағалы қағаздар (МБҚ) елдің ішкі және сыртқы қарызын басқару мақсатында шығарылады және бюджет тапшылығын жабуға, мемлекеттік жобаларды қаржыландыруға арналған. Мемлекеттік бағалы қағаздарды көбіне институционалдық және жеке инвесторлар, әсіресе, зейнетақы қорлары, банктер және сақтандыру компаниялары секілді ірі ойыншылар үшін тартымды.
МБҚ-ны Қазақстан ҚР Ұлттық банкі, Қаржы министрлігі және жергілікті атқарушы органдар шығарады. Қазақстан мембағалы қағаздарының 80%-ы Қаржы министрлігі мен әкімдіктерге тиесілі болса, 20%-ы – Ұлттық банк ноталары.
Қазақстанда жақында халықаралық биржаларда 1,5 млрд доллар көлемінде еурооблигация орналастырғаны белгілі. Бұл – 2015 жылдан бергі алғашқы шығарылым. 10 жылдық еурооблигацияның купондық мөлшерлемесі – 4,714%.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, бұл шығарылымда Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына шетелдік инвесторлардың сұранысы 6 млрд долларды құраған.