Жітіқара қаласындағы өрт салдарынан бес бала қаза тапқан қайғылы оқиға туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Мәжіліс отырысында айтты.
Министр Жақыпованың айтуынша, қайтыс болған балалардың анасы екі рет тұрмыста болған. Алғашқы некесінен үш бала, екінші некесінен тағы үш бала туған. Ең кіші бала биыл мамыр айында бір жасқа толған. Сол кезде анасы көпбалалы ана ретінде марапатталып орден алған.
«Алғашқы күйеуімен ресми түрде ажырасқан, жаз айларында шамамен 320-330 мың теңге алимент және екі тоқсан бойы шамамен 290 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алған. Отбасының әлеуметтік төлемдері жақсы болған”, – деді Жақыпова.
Сондай-ақ әйел жергілікті дүкенде еден жуушы болып жұмыс істеген. Алайда сол қайғылы түні белгісіз себептермен қалаға кеткен. Министрдің айтуынша, сол түні үйге 1995 жылы туған ер адам келіп, кешкі 21:00-де пешті жағып кеткен. Бұл әрекет балалардың тоңып қалмауы үшін анасының өтініші бойынша істелген екен.
Еске сала кетейік, 2024 жылғы 11 қазан күні таңертең Жітіқара қаласында жекеменшік үйде шыққан өрттен бір жастан сегіз жасқа дейінгі бес бала қаза тапты. Өрт сөндірушілер шақырту алған соң 7 минут ішінде келгенімен, үй толығымен өртке оранған еді. Үйдің шатыры құлап, балалардың денелері кейінірек үйінділер арасынан табылды. Ең үлкен бала, 2011 жылы туған ұл, бұл өрттен аман қалған.
Өрттің алдын ала себебі – пешті қараусыз қалдыру. Бұл оқиға бойынша тергеу жұмыстарын Бас прокуратура бақылауға алған.