Жаңалықтар

Шетелдіктер Қазақстан азаматтығын алу үшін қазақ тілін қаншалықты жақсы білуі керек?

гражданство Казахстана
фото: kursiv.media

Қазақстан азаматтығын алу үшін шетел азаматына қазақ тілі, Конституция негіздері және Қазақстан тарихы бойынша емтихан тапсыру қажет. Бұл талап ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бұйрығында көрсетілген.

Қазақстан азаматтығын алу үшін емтиханда:

  • Қазақ тілінен ең төменгі шек – 60 сұрақтан кемінде 36 балл;
  • Конституция негіздері бойынша – 15 сұрақтан кемінде 9 балл;
  • Қазақстан тарихынан – 25 сұрақтан кемінде 15 балл жинау қажет.

Бұрын «Ашық НҚА» сайтында қазақ тілі бойынша тест қазақ тілінде, ал қалған екі пән бойынша тестілеу қазақ, орыс немесе ағылшын тілдерінде тапсырылады деп хабарланған болатын. Тест қатысушылары төрт жауап нұсқасынан дұрыс жауабын таңдайды. Емтихан тапсыруға 2 сағат 10 минут уақыт беріледі, ал мүмкіндігі шектеулі адамдарға қосымша 30 минут беріледі.

2024 жылдың мамыр айында Қасым-Жомарт Тоқаев миграция туралы заңға өзгерістер енгізді. Сол өзгерістердің ішінде Қазақстан азаматтығын беруден бас тартуға себеп болатын талаптар – қазақ тілін, Қазақстан тарихы мен Конституция негіздерін білмеу.

Емтиханнан босатылатындар: этникалық қазақтар, мүмкіндігі шектеулі адамдар, Қазақстанға ерекше еңбегі сіңгендер немесе сирек мамандық иелері.