13 қазан күні Шахтинск қаласында Ұлттық гвардияның «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6505 әскери бөлімінің келісімшарт бойынша қызмет атқарып жүрген әскери қызметшісінің өлі денесі табылды. Бұл туралы ҚР Ұлттық гвардиясының «Орталық» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлады.
«Алдын ала мәліметтер бойынша, ол отбасылық-тұрмыстық кикілжіңнің салдарынан өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін. Осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды. Оқиғаның нақты себептері мен мән-жайлары анықталып жатыр», – делінген хабарламада.
Қазақстан Республикасы Ұлттық гвардиясының «Орталық» өңірлік қолбасшылығы марқұмның жақындары мен туыстарына көңіл білдірді.
Қорғаныс саласында әскерилер өлімі туралы ақпараттар жиі жарияланады. Бірақ министрлік қайғылы оқиғаларға әскерилердің өздерін айыптаған.
Еске сала кетейік, 20 қыркүйек күні Аягөзде тағы бір әскери қызметкердің өзіне қол салып, қайтыс болғаны туралы ақпарат тараған еді.
Қорғаныс министрлігі тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы Тілеухан Басқожаев Аягөздегі әскери қызметкердің суицид жасауына басқа өңірден қоныс аударуы немесе басқа да тұрмыстық жағдайлар әсер еткен болуы мүмкін деген пікір айтты. Офицердің туыстары марқұмның Қызылордада әскери кафедраны бітіргенін, запастағы лейтенант болғанын хабарлаған.