Жаңалықтар

Талғардағы жағдай құқықтық жүйенің проблемаларын айқын көрсетті – Олжас Құспеков

Талғар жағдайы құқықтық жүйенің проблемаларын көрсетті / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков Талғар қаласындағы жағдайдың елдегі құқықтық жүйедегі проблемаларды айқын көрсетіп отырғанын мәлімдеді.

Депутаттың айтуынша, тергеу барысында жергілікті бандитизмге құқық қорғау органдарының қатысы бар екендігі дәлелденсе, олар міндетті түрде заң алдында жауапқа тартылады.

«Бұл оқиға құқық қорғау жүйесінде шешімін табуды қажет ететін үлкен мәселелердің бар екенін көрсетті. Тергеу әділ және жан-жақты жүргізілуі тиіс. Егер құқық қорғау органдарының кейбір қызметкерлері қылмысқа қатысы бар болып шықса, олар заң жүзінде жазасын алатыны сөзсіз», – деді Құспеков.

Сондай-ақ депутат құқықтық нормаларды жетілдіру мақсатында заңнамалық өзгерістер енгізу бойынша жұмысты жалғастыратынын атап өтті. Ол осы саладағы реформаларға тікелей қатысатынын және заңдарды жетілдіруде автор ретінде үлес қосатынын айтты.

Еске сала кетейік, 4 қазан күні түнде Талғарда бір топ адам төбелесіп, салдарынан екі адам жарақат алып, 16 жастағы жасөспірім қайтыс болды.

7 қазан күні қайтыс болған баланың туыстары Талғар ауданы әкімдігінің алдына жиналып, жолды жауып, тергеудің әділ өтуін талап екен.

Бұған дейін, бұл жағдайға байланысты Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы Үкімет басшы Олжас Бектеновтің атына сауал жолдады.

Сондай-ақ Сенатор Марат Қожаев Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты сот отырысын ашық өткізуді ұсынды.