Қазақстанда заңсыз контентті бұғаттау үшін Telegram кеңсесі ашылмақ

Жарияланды 14 Қазан 2024 13:01

(жаңартылды 14 Қазан 2024 13:46)
Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Қазақстанда Telegram кеңсесі ашылмақ / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстанда Telegram платформасы заңсыз контентті жедел жою және деструктивті арналарды бұғаттау үшін өз кеңсесін ашады. Бұл туралы Цифрлық даму министрлігі хабарлады.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиевтің айтуынша, Қазақстан заңнамасына сәйкес Telegram, WhatsApp және TikTok сияқты интернет платформалар елде өз өкілін тағайындауы керек.

«Біз Telegram-мен заңсыз контентті жедел жою және деструктивті арналарды бұғаттау бойынша тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Telegram платформасымен өкіл тағайындау және кеңсе ашу жөнінде келісімге қол жеткізілді. Бұл қадам контентті бақылауды күшейтуге бағытталған маңызды шара», – деді министр.

Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, АҚШ Сауда палатасы және Meta, Apple сынды ірі америкалық компаниялармен кездесулер өткізілді. Бұл кездесулерде деректер қауіпсіздігі, фейк аккаунттармен күрес және қолданушылардың құқығын қорғау мәселелері талқыланды.

Соңғы тоқсанда Meta компаниясы жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, әлем бойынша 1,2 млрд фейк аккаунтты бұғаттаған.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы прокурорлары 67 адамды суицидке итермелеген Telegram арнаны анықтады.

Сондай-ақ оқыңыз