Қазақстан астық экспортының жаңа бағыттарын іздестіріп жатыр. Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында дәстүрлі емес экспорттық бағыттар бойынша көлік логистикасы субсидияланатынын хабарлаған.
Үкімет басшысының хабарлауынша, астық экспортының негізгі үлесі, яғни 40-45 %-ы көршілес Орталық Азия елдерінің нарықтарына темір жолмен жөнелтіледі. Енді қалған астықты экспорттау мәселесі тұр. Премьер-министр енді астықты темір жолмен ғана емес, сонымен бірге басқа тәсілдермен экспорттау мәселесі талқыланып жатқанын айтқан.
«2024 жылғы 23 қыркүйекте менің төрағалығыммен өткен АӨК субъектілерін қолдау мәселелері және егін жинау жұмыстарының барысы туралы кеңесте стратегиялық ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау кезінде көлік логистикасын субсидиялау тетігін енгізу бойынша тиісті тапсырма берілді. Қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция министрліктері аталған бағыттар бойынша тиісті жұмыстар жүргізуде», – делінген жауапта.
Субсидиялаудың бұл түрі астықты теңіз порттарына жеткізу кезінде экспорттаушылардың жоғары көліктік шығындарын өтеуге және баға мәселесінде бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз етуге, сонымен қатар отандық астық өнімін өткізуге және экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді.
Астықты терең өңдеу бойынша қандай жобалар жүзеге асырылады?
Бектенов ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді қолдау үшін қолданыстағы өндірістерді кеңейту құрылысында инвестициялық субсидиялар көзделгенін де айтқан.
«Бұл ретте технологиялық күрделілігі жоғары өндірістер яғни, амин қосындылары, лецитин, мальтоза және т.б. өнідретін ивесторлардың шығындарын өтеу үлесі ұлғайтылды. Негізгі және айналым қаражатына кредит беру кезінде пайыздық мөлшерлемені арзандату, ҚҚС-ны 70 %-ға төмендету сынды салықтық преференциялар да қарастырылған», – дейді премьер-министр.
Ал Жол картасы шеңберінде республикада 2024-2026 жылдар аралығында бидайды сақтау және өңдеу бойынша 35,3 млрд теңгеге 51 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделгенін хабарлаған. Бұл жобалар арасында «Tiryaki Agro» ЖШС-ның Астана қаласында құны 220 млн АҚШ долларын құрайтын, қуаты 200 мың тонна болатын астық және бұршақ дақылдарын терең өңдейтін интеграцияланған агроөнеркәсіптік кешен бар. Сонымен бірге Қостанай облысында «Qostanai Grain Industry» ЖШС құны 109 млн долларды құрайтын, жалпы қуаты 300 мың тонна болатын зауыт салса, Түркістан облысында ҚАЗКРАХМАЛ» ЖШС-ы құны 57 млн доллар болатын, қуаты 100 мың тоннаға жететін астық пен жүгеріні терең өңдейтін зауыт ашпақ.
2025 жылдың аяғына дейін бидайды сақтау және өңдеу бойынша сомасы 7 млрд теңгені құрайтын 41 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Ол жобалар мыналар:
- Жамбыл облысында 1,3 млрд теңгеге «Элнур Адил Групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бидайды сақтау және қайта өңдеу зауыты;
- Шығыс Қазақстан облысында 1,2 млрд теңгеге «Убинка XXI» ЖШС-ның бидай сақтау қоймасы;
- Ақмола облысында 343 млн теңгеге «Арман» ЖШС-ның бидайды сақтау және бидайды бастапқы өңдеу зауыты іске қосылады.
Элиталы бидай тұқымына импорт тәуелділігін қалай шешеді?
Қазақстанда астық мол өндірілгенімен, элиталы бидай тұқымына деген тәуелдділік әлі де жоғары. Олжас Бектенов элиталы бидай импортына тәуелділікті төмендету үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын да айтқан.
«2024 жылғы 30 мамырда Үкімет Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамыту жөніндегі 2024 – 2028 жылдарға арналған кешенді жоспарды бекітті», – дейді Үкімет басшысы.
Кешенді жоспарға сәйкес, 2028 жылдың соңына дейін тұқым шаруашылығындағы жүйелі проблемаларды шешу көзделіп отыр. Олар келесідей:
- селекция мен тұқым шаруашылығының заңнамалық базасын жетілдіру;
- аграрлық ғылым жүйесін зерттеу қызметін заманауи әдістерге көшіру;
- білім беру бағдарламаларын жаңарту;
- аграрлық ғылым, селекция және тұқым шаруашылығы субъектілерінің техникалық базасын құру және тұқым шаруашылығының тиімді жүйесін қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар көзделген.
Жауапта аталған іс-шараларды жүзеге асыруға 51,7 млрд теңге көзделгені айтылған.
Айта кетсек, Сенат депутаты Арман Өтеғұлов Қазақстанның 10 жылда 19 экспорттық бағытанынан айырылғанын, осы орайда астықты терең өңдеу саласын жолға қою мәселесін қолға алу маңызды екенін айтып, депутаттық сауал жолдаған болатын. Сенатор көрші ел Өзбекстанның ұн экспорты бойынша Орта Азиядағы көшбасшы елге айналғанын, Қазақстан бидайын импорттап, оны Таяу Шығыс елдеріне экспорттайтынын айтып, елде де бұл салаға ден қоюды ұсынған.