Үкімет жыл сайын 1 млн адам жұмысқа орналасты деп есеп береді, бірақ жұмыссыздық деңгейі өзгермеген – Аймағамбетов

Жарияланды
жұмыспен қамту
Депутат елдегі жұмыспен қамту бағдарламаларын сынға салды / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Мәжілісте депутат Асхат Аймағамбетов Үкіметтің жұмыспен қамту шараларын сынға алды. Ол елдегі жұмыссыздық деңгейінің талай жылдан бері өзгермей отырғанын, бірақ статистикаға сәйкес елде жыл сайын 1 млн-ға жуық адам жұмысқа орналасатынын айтты.

Жұмыспен қамту проблемалары кадр тапшылығынан басталады. Депутаттың айтуынша, елде мамандар аз. Тиісті салаға қажетті мамандар даярланбайды. Мәселен, осы жылы гидромелиорация мамандығына бірде-бір адам өтініш бермеген. Конкурсқа ешкім қатыспаған. Маңызды салалардың бірі көлік құрыллыстары бойынша бөлінген 300 гранттың тек 29-на ғана адам қабылданған.

Ал жұмыспен қамту бағдарламалары нәтиже бермей жатқанын айтады. 2008 жылдан бастап жұмыспен қамтудың 5 бағдарламасы қабылданған екен. Яғни әр 2 жыл сайын жаңа бағдарлама қабылданып отырған.

«Олар қандай нәтиже берді?! Егер жұмыспен қамту шаралары негізгі құралдары мен әдістері арқылы талдайтын болсақ, олар осы жылдар бойы концептуалды түрде өзгермеген және негізінен уақытша сипатта болғанын байқауға болады. «Баяғы жартас – сол жартас». Біз әлі күнге дейін тізесі шыққан шараларды қолданып келеміз. Жаңа жүйелі шаралар аз. Сол баяғы уақытша жұмыс орындарын құру, оқыту және қайта оқыту, шағын несие беру т.б. Ал жергілікті деңгейде бұл шаралар қоғамдық жұмыстарға тартудан, әлеуметтік жұмыс орындарын ұсынаудан, және жастар практикасынан аса алмай отыр. Осы шаралардың қаншалықты тиімді екенін де зерттеп жатқан ешкім жоқ», – дейді депутат.

Сонымен бірге депутат қызық статистикаға тоқталды. Айтуынша, Үкімет жыл сайын шамамен 900 мың адамның жұмысқа орналасқаны туралы есеп береді. Ал елдегі жұмыссыздар саны 445 мың шамасында.

«Сонда жыл сайын 1 млн-ға жуық адам жұмысқа орналасса, жұмыссыздық деңгейі неге өзгеріссіз қалып отыр деген сұрақ мазалайды. Мынандай қарқынмен өзін-өзі жұмыспен қамту мәселесі әлдеқайда шешіліп қоюы керек болған. Ең қызығы, соңғы 10 жылда жұмыссыздық 4,5%-4,7% деңгейінде өзгермей тұр. Жұмысқа орналастыру статистикасымен таныссаң, тіпті арифметика заңдарына күмәндана бастайсың. Өздеріңіз ойлап көріңіздерші, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 963 мың адам жұмысқа орналастырылған екен. Ал бірақ жұмыссыздардың саны небәрі 445 мыңнан аспайды. Сонда жұмысқа мұқтаж адамдардың санынан екі есе көп адам жұмысқа орналасқан ба?», – дейді Аймағамбетов.

Депутат жұмыссыздық мәселесі шешілмесе, болашақта демографиялық жағдай өзгеріп, жұмыс тапшылығы арта түсуі мүмкін екенін айтады. Ал мемлекеттің қаржысына жүзеге асырылған жобалар жұмыспен қамту мәселесін лайықты деңгейде шешуге көмектеспейді. Мәселен, Шымкентте мемлекет қолдауымен 500 млн теңгенің жобасы жүзеге асырылған. Ол жерде 350 жұмыс орны ашылуы керек болған. Алайда бір жылда бар болғаны 2 адам ғана жұмысқа алынған екен. Ал Атырауда құны 5 млрд болатын жоба бойынша 29 жұмыс орны ашылуы керек болған, бірақ онда 6 адам ғана жұмыс істейді.

Триллиондаған салықтық жеңілдіктерге қарамастан, жеке кәсіпорындар жеке кәсіпкерлер жұмыспен қамтудың тек 33%-ын қамтиды екен. Аймағамбетов жұмыспен қамтудың негізгі генераторы әлі де мемлекеттік сектор екенін айтады.

«Тағы бір мәселе жыл сайын еңбек нарығына 200 мыңға жуық адам келетін. Қазіргі көрсеткіш 250 мың адамға жетіп қалды. 5 жылдан кейін 350 мыңға дейін барады деп болжанады. Осылайша 2030 жылға қарай еңбек нарығына үлкен қысым жасалады», – дейді депутат.

Еңбек нарығына келетін адамдардың санының артуына мына жағдайлар әсер етпек.

  • Біріншіден, демографиялық жағдай әсер етеді. Яғни бэбибумерлердің саны арта түспек.
  • Екіншіден, Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы артқан.
  • Үшіншіден, 2031 жылға қарай әйелдердің зейнетке шығу жасының 63 жасқа ұзаруына байланысты, еңбек нарығында 50 мыңға жуық адам қалады деп болжанады.
  • Төртіншіден, автоматизацияның қарқынды дамуы еңбек нарығына қысымның күшейе түсуіне алып келеді.

«Бұл факторлардың барлығы еңбек нарығына үлкен әсер етіп, жаңа жұмыс орындарын қажет етеді. Ал Қазақстандағы еңбек нарығының сыйымдылығы өте шектеулі. Мұның барлығы жүйелі проблема бар екенін көрсетеді», – деді депутат.

Сондай-ақ оқыңыз