Депутат Асхат Аймағамбетов 10-11 сынып оқушылары мектеп қабырғасында жүріп, колледжде оқуға мүмкіндік алуы қажет деп санайды. Бұл ұсынысын депутат Мәжілісте айтты.
«10-11 сынып оқушыларына өз таңдауынша мектептегі оқумен бірге, колледждерде параллель түрде оқуға мүмкіндік беру ұсынылады. Мысалы, ауылдарда оқушылар түске дейін сабақ оқиды, көбінесе бір ауысымды, содан кейін колледждерде параллельді түрде бір қосымша мамандық алып шығуға мүмкіндік беруші едік. Бүгін қарасақ, 11-сынып бітіргендердің 50 мыңы, 11 сыныптан кейін тағы да колледждерге түсіп жатыр. Ол тағы да сол пәндерді қайтадан оқитын болады. Біздің ойымызша 10-11 оқып жатқан балаларға колледжде параллельді оқу мүмкіндігін беру, бұл ақшаны да азайтады, олардың уақытын да тиімді жұмсауға мүмкіндік береді»,- дейді депутат.
Солайша оқушылар мектепті бітіргенде, аттестатпен қоса нақты бір мамандықты алып шығады.
Сонымен бірге Аймағамбетов колледжде білім сапасы жоғары болу үшін гранттардың құнын арттыру қажет деп санайды. Депутат білім сапасын артттыру үшін колледждердің грантын оқу орнына емес, жұмыс орнына беруді ұсынып отыр. Сонда жұмыс беруші өзінің болашақ қызметкерінің сапалы білім алуына мүдделі болатынын айтады.
«Колледждегі гранттың құнын айтарлықтай ұлғайту маңызды және бір студентті оқыту құнының әдістемесінде практикалық жұмысқа, шығын материалдарына, жабдықтарға жұмсалатын шығындарды ескеру керек. Нақты кәсіпорын өзіне мақсатты білім беру гранттарын беру тәжірибесін ұсынамыз. Яғни грант жұмыс берушінің өзіне беріледі, колледжге берілмейді. Жұмыс беруші грантты өзіне алып, бұл түлекті үш жыл ма, екі жыл ма сабағын бітіргеннен кейін, жұмыс орынына алуға кепілдеме береді. Дуалды оқытуға тиісті орын беруге кепілдеме береді және бағдарламасын түзетіп, тексеріп беруге кепілдеме береді»,- деді депутат.
Аймағамбетов бұл нормалардың жұмыс тобында қарастырылып жатқанын жеткізді. Сонымен бірге депутат колледждерде білім сапасын арттыру үшін бірыңғай білім беру тапсырысын қалыптастыру және жедел басқаруды Оқу-ағарту министрлігінің құзыретіне беру мәселесі де талқыланып жатқанын мәлімдеді.
Білім сапасына колледждердің заманауи жабдықтандыру маңыздылығына тоқталды. Айтуынша, елде 180 колледждің жабдықтары жаңартылған. Енді тағы 180-ге жуық колледжді жарақтандыру қажет.
Айта кетейік, Үкімет басшысы Олжас Бектенов «Жас маман» жобасы бойынша елдегі 180 колледді жарақтандыруға республикалық бюджеттен 48 млрд теңге бөлінгенін айтқан болатын. Сонымен бірге премьер-министр студенттер үшін колледжен кейін өз саласы бойынша біліктілігін арттырып, білімін университеттерде жалғастыруы үшін мүмкіндігін кеңейтуді тапсырды. Бұл орайда колледж түлектеріне арналған гранттар саны ұлғаятынын жеткізді.