Қазақстан болашақта күзетшілер мен таксистер еліне айналып кетуі мүмкін. Өйткені бұл мамандықтар еңбек нарығында ең сұранысқа ие мамандықтар тізімінде көшбастап тұр. Бұл жайлы Мәжілісте депутат Жұлдыз Сүлейменова айтты.
Еңбек ресурстарын дамыту орталығының болжамына сәйкес, 2023-2030 жылдар аралығында Қазақстанда 25 мамандық үлкен сұранысқа ие болады. Депутат тізімде еңбек нарығында біліктілігі төмен мамандарға деген сұраныстың артқанын көруге болатынын айтады. Бұл – ел экономикасы үшін жақсы көрсеткіш емес.
«Тізімде екінші орында күзетші мамандығы тұр, 4-орында таксист жүргізушісі тұр. Осы мамандықтар үлкен сұранысқа ие. Бұл экономика тұрғысынан алатын болсақ, ойланатын мәселе. Демек еңбек нарығын біліктілігі төмен, білім мен біліктілікті қажет етпейтін мамандармен толтырып жатырмыз», – деді Сүлейменова.
Депутат министрліктен осы дисбалансты жою үшін қандай шаралар қолданатынын сұрады. Өйткені біліктілігі төмен мамандарға сұраныс артқан тұста, кәсіби біліктілігі жоғары мамандық иелері тапшы. Депутат энергетика, инженерия, ІТ саласының мамандары жетпейтінін айтады.
«Біздегі талдау такси мен күзетшілерге сұраныстың артқанын көрсетіп отыр. Осы орайда Қазақстан болашақта күзетшілер мен такси жүргізушілерінің еліне айналмауы қажет деп санаймыз», – деді депутат.
Жақыпова бұл болжамды тізім ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді болатынын, қысқа мерзімді болжам сол кезеңдегі компаниялардың сұранысына сай әзірленетінін айтты. Айтуынша ұзақ мерзімді болжамда ІТ саласы мен жасанды зерде бойынша жұмыс істейтін мамандарға және АЭС салынса, соған қатысты мамандықтарға деген сұраныс арта түсуі мүмкін екенін жеткізді.
Айта кетсек, бұл жиында депутат Асхат Аймағамбетов те жұмыс тапшылығы мәселесін қозғаған болатын. Айтуынша, алдағы бес жылда еңбек нарығына келетін адам саны 350 мыңға жетеді. Қазірде бұл көрсеткіш 250 мыңды құрайды. Ал жұмыссыздық деңгейі талай жылдан бері төмендеген емес. Осы орайда алдағы бес жылда елдегі еңбек нарығына қатты қысым арта түсуі мүмкін деген болжам бар.