Fitch Қатар инвесторларына сатылған Bereke Bank-тің рейтингін төмендетті

Жарияланды (жаңартылды )
Bereke Bank енді мемлекеттік банк емес/коллаж: kursiv.media мұрағаты

Fitch Ratings халықаралық рейтинг агенттігі Bereke Bank-тің ұзақмерзімді дефолт рейтингін «Тұрақты» болжамымен «BB»-ден «B+»-ге дейін төмендетті. Сонымен қатар банктің мемлекеттік қолдау рейтингін де «bb»-ден «ns»-ге дейін түсірді.

Агенттіктің мәлімдемесіне қарағанда, «Бәйтерек» ұлттық холдингі 8 қазанда қатарлық Lesha Bank атты инвестбанкке сатқаннан кейін, Bereke Bank бағасын қайта қараған. Bereke Bank енді мемлекеттік банк емес. Сондықтан мемлекет пен акционерлерінің көмегіне арқа сүйей алмайды. «Тұрақты» деген болжамды да түсіндіре кеткен. Агенттіктің мәліметінше, бұл банктің несиеге қабілеттілігіне әсер ететін негізгі факторлар алдағы ұзақ уақытта өзгеріссіз қалады.  

«Сатылып кеткен соң, Bereke Bank-ке биліктің қолдау көрсетуі елеулі түрде төмендейді деп есептейміз. Бұл Bereke Bank-тің қазіргі кезде шетелдік қатысушысы бар банк болуына байланысты. Оның Қазақстанның банк саласында шектеулі жүйелік маңызы бар. Мұны кредит және депозит салаларындағы төменгі үлесі анық көрсетеді. 2024 жылдың екінші жартысындағы үлесі – 4,5% және 3,5%», – делінген Fitch мәлімдемесінде.

Fitch сарапшыларының пікірінше, банк қатарлық акционерлердің көмегіне де иек арта алмайды. Өйткені Bereke-нің жиынтық активтері екінші тоқсанда 4,8 млрд теңге болды. Бұл Lesha Bank-тің жиынтық активтерінен (1,7 млрд доллар) 2,8 есе көп. Агенттіктің тұжырымдауынша, Lesha Bank-тің стратегиясындағы Bereke-нің рөлі мен қарым-қатынасы қалай болары беймәлім.

Айта кетерлік жайт, 2022 жылдың күзіне дейін ресейлік Сбербанктің бір бөлігі болды. АҚШ санкциясынан кейін банк меншік иесін өзгертті. «Бәйтерек» холдингі жаңа қожайынға айналды.

2023 жылдың наурыз айында АҚШ-тың қаржы министрлігі Bereke Bank-ті санкция тізімінен шығарды. Бұл банкке корреспонденттік шотын қалпына келтіріп, операцияларды қайта жалғастыруға мүмкіндік берді.

2024 жылы ақпан айында, «Бәйтерек» холдингі мен жоғарыда аты аталған қатарлық инвестбанкпен Bereke Bank-тің 100% акциясын сату туралы алдын ала келісімге қол қойды.

Сондай-ақ оқыңыз