Жаңалықтар

Қазақстанда жанар-жағармай қымбаттауы мүмкін – оған қандай факторлар түрткі болып отыр?

Бағаның өсуіне қазақстандық мұнай компаниялары да мүдделі болып отыр / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Энергетика министрлігі мұнай өнімдерінің бағасы көтерілуі мүмкін екенін жоққа шығармады. Баспасөз қызметінің пікірінше, ішкі нарықтағы мұнай бағасының көтерілуі бұл шаруашылық субъектілерінің келісімді қатынастарына тікелей байланысты.

«Алайда ЕАЭО елдерінің мұнай және мұнай өнімдерінің бірыңғай нарығы қалыптасқаннан кейін, ішкі және экспорттық нарық арасындағы баға белгілеуде паритет болуы мүмкін деп ойлаймыз», – деді Энергетика министрлігі.

Министрлік мұнай өнімдерінің ішкі нарықтағы бағасы әлемдік нарықтағы бағамен теңестірілуіне қатысты да түсініктеме берді.

«Мұнай өнімдерінің ішкі нарықтағы бағасы әлемдік нарықтағы бағамен теңестірілу мәселесі ЕАЭО елдерінің міндеттемелеріне сәйкес мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарына көшуге негізделген», – дейді министрліктің баспасөз қызметі.

ЕАЭО туралы Шартқа сәйкес, энергетикалық ресурстарға нарықтық баға белгілеу үшін ортақ нарықтарды кезең-кезеңімен қалыптастырмақ.

Ондағы мақсат – мүше мемлекеттер отын-энергетикалық кешендердің әлеуетін тиімді пайдалану, сондай-ақ ұлттық экономикаларды энергетикалық ресурстардың негізгі түрлерімен қамтамасыз ету.

Бағаның өсуіне қазақстандық мұнай компаниялары да мүдделі болып отыр. Еліміздегі энергетика мамандары қазақстандық мұнай компанияларының мүдделерін алға тартып, Үкіметке өндірген мұнайын әлемдік нарыққа сатуға рұқсат беру жайында бастама көтеріп жүр. Олардың пікірінше, сыртқы нарықта мұнай бағасы 75 АҚШ доллары болса, ішкі нарықта 18 доллар ғана, бұл компаниялардың дамуына тежеу болмақ. 

Энергетика министрлігі бұл пікірімен келіспейді. Бұл деректерді шындыққа жанаспайды деп есептейді. Олардың пікірінше, ішкі нарықтағы мұнай бағасы мемлекеттік реттеуге жатпайды және бақыланбайды.

«BRENT маркалы мұнайдың әлемдік бағаларына тәуелді. Ішкі нарықтағы мұнай бағасы шаруашылық субъектілері арасындағы нарықтық қатынастарға және олардың тиісті шығындарына, соның ішінде тасымалдау шығындарына да байланысты», – дейді министрліктің баспасөз қызметі.

Халықаралық ақпараттық ұйымдар «Argus Media Limited» компаниясы мен «Аргус Каспий нарығы» халықаралық дереккөздерінің ақпараттарына сәйкес, осы жылдың тамыз айының аяғында бағалар былайша қалыптасқан:

  • Қазақстан Республикасының зауыттарына мұнай жеткізу құны тоннасына 157-ден 240 АҚШ долларына дейін өзгеріп отыр.
  • Атырау мұнай өңдеу зауыты – $ 157/188 немесе 75 000/90 000 теңге,
  • Шымкент мұнай өңдеу зауыты ПКОП – $ 188/240 немесе 90 000/115 000 теңге,
  • Павлодар мұнай химия зауыты – $ 220/240 немесе 105 000/115 000 теңге.
  • Ұлттық банктің мәліметтері бойынша, тамыз айындағы орташа айлық бағам $1 – 478,26 теңге.

Энергетика министрлігі Қазақстандық мұнай өндіруші компаниялардың өндірген мұнайын әлемдік нарыққа шығару жөнінде ұсыныс түсіргенін жоққа шығармады.

«Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 17 мамырдағы № 191 «Мұнайды жеткізу графигін қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, жер қойнауын пайдаланушылар ай сайын тиісті нысан бойынша Министрлікке жеткізу графигін қалыптастыру үшін мұнай беру өтінімін жолдайды. Аталған өтінімде мұнай өндіруші ұйымдар өз ресурстарымен экспорттық бағыттарын көрсетеді», – делінген Энергетика министрлігінің жауабында.