Талғар қаласында 16 жасар Шерзат Болаттың өлімінен кейін, әлеуметтік желілерде және кейбір ақпарат құралдарында Талғар ауданы әкімдігі аппарат басшысының осы қылмысты жасағандармен байланысы туралы ақпарат тарады. Нақтырақ айтқанда, аппарат басшысы Аслан Қасымбаев «хуторлық Хасан» деген атпен танымал қылмыстық тұлғаның туған бауыры екені жазылып жатыр.
Ал, «хуторлық Хасан» деген адамға қатысты ақпарат ең алдымен марқұм Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың айтуымен тараған еді. Ол ақпарат құралдарына берген сұхбатында Талғар қаласында «Хасан» деген адам басқаратын «хуторлық» қылмыстық топ бар екенін айтқан еді.
KursivMedia тілшісінің осыған қатысты сұрағына Талғар ауданы әкімінің орынбасары Айбек Бидаев жауап берді.
Ол Аслан Қасымбаевтың жоғарыда аталған қылмыстық тұлғамен туыстық қатынасын растаған жоқ, жоққа да шығармады.
«Әлеуметтік желіде жазылып жатыр ғой, Хасан біздің әкім аппараты басшысының бауыры деп. Бауыры болса, бауыры шығар. Бірақ бұл оқиғамен арықарай айналысып жатқан құқық қорғау органдары бар ғой. Сондықтан сұрақтарды сол кісілерге қою керек шығар», – деді Айбек Бидаев.
Оның айтуынша, Аслан Қасымбаевтың Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы болып отырғанына екі жылдан асқан. Оған дейін Талғар ауданының Белбұлақ ауылдық округінің әкімі болып жұмыс істеген. Бұл ақпарат Талғар ауданы әкімшілігінің ресми сайтында да жазылған.
Айбек Бидаев мемлекеттік қызметке тұрмас бұрын әрбір адам арнайы тексеруден өтетінін айтты.
«Ұлттық қауіпсіздік комитетінен өтіп барып, тек қана мемлекеттік қызметке келеді. Мемлекетке тексеруден өтпеген адам мемлекеттік қызметке келмейді. Қазір ауданда осы іс бойынша комиссия құрылды, штаб құрылды. ІІМ бірінші орынбасары ауданға келіп, осы штабқа төрағалық етіп отыр. Бұл сұрақтарды сол кісілерге қойсаңыз», – деді Бидаев.
Дегенмен, Айбек Бидаевтың айтуынша, Аслан Қасымбаев қазір денсаулығына байланысты уақытша демалысқа шыққан.
«Ол өткен жұма күні денсаулығына байланысты уақытша демалысқа шыққан, ертең жұмысқа шығады», – деді аудан әкімінің орынбасары.
Айта кету керек, ресми сот кабинеті дерегінше, Аслан Қасымбаевтың тағы бір бауыры Ержан Нұрғайыпұлы Қасымбаев «адам өлтіру» бабы бойынша істі болған. Қасымбаев, Жасұлан және Ернар Кемебаевтар, Айбек Өтеповпен бірге таратылған Қаржы полициясы агенттігінің бұрынғы агенті Талғат Махатовтың тапсырысы бойынша бұрынғы кеден қызметкері Медет Жамашевты қасақана өлтірді деп айыпталған.
Айта кету керек, кісі өлімі 2012 жылы болғанымен, қылмыс тек 2017 жылы ашылып, тек 2024 жылдың 29 тамызында ғана үкім шығарылған. Ержан Қасымбаев 15 жылға бас бостандығынан айырылған. Махатов 20 жылға, Өтепов 14 жыл, Кемебаевтар 13 жылға бас бостандығынан айырылған. Үкім ресми сот кабинетінде жарияланған.
Ал Хасан Қасымбаев «хуторлық» деген қылмыстық топтың басшысы деген ақпарат бар. Дегенмен ішкі істер органдары Талғар ауданында қандай да бір ұйымдасқан қылмыстық топтың бар екенін жоққа шығарған болатын.
KursivMedia тілшісінің сұрағына жауап берген Талғар ауданы әкімінің орынбасары Айбек Бидаев та мұндай топтың барын жоққа шығарды.