Hyundai Motor India компаниясының алдағы IPO-сына инвесторлар қызығушылығы басылып қалды. Әйтпесе, аталған IPO ел тарихындағы ең ірі оқиға болуы керек еді.
Hyundai Motor-дың Үндістандағы бөлімшесінің акциялары осы аптада бейресми нарықта тек 60 рупийге ғана қымбаттады, ал бастапқы баға 1960 рупий (23,3 доллар) болды. Екі апта бұрынғы бағасы 1000 рупий еді.
Бейресми нарықта инвесторлар биржаға шыққанға дейін акциялармен алдын ала келісімдер жасайды. Hyundai Motor India-ның IPO-дағы жағдайы Life Insurance Corp. of India-ның 2022 жылғы 2,7 млрд долларлық IPO-сымен ұқсас. Life Insurance акциялары биржада дебют алдында арзандап, кейін бірінші күні-ақ құлдыраған болатын.
IPO бойынша трейдер Горав Тхакер бастапқы эйфорияның жоғалғанын және Таяу Шығыстағы «соғыс жағдайына пара-пар» ахуалды еске салды. Сонымен қатар Үндістанда автомобиль сатылымдарының төмен болуы да Hyundai листингіне әсер еткен.
Дегенмен Bloomberg-тің жазуынша, көптеген брокер Hyundai Motor India-ның акцияларын сатып алуды ұсынып отыр. Hyundai Үндістандағы бизнесін кеңейтуді жоспарлауда. Бұл жергілікті бөлімшесінің акцияларына оң әсер етуі мүмкін.
ICICI Direct зерттеу бөлімінің вице-президенті Шашанк Канодиа егер Hyundai Motor India акцияларын бір жылдан артық ұстаса, олардың табысы «екі таңбалы санға» жетуі мүмкін екенін болжады. Дегенмен, Hyundai-дың IPO бағасы «күшті листингке» мүмкіндік бермейді деп есептейді сарапшылар.
Hyundai Үндістандағы бөлімшесінің акцияларын 1865-1960 рупий (22-23 доллар) аралығында орналастыруды жоспарлап отыр. 3 млрд долларға бағаланған IPO ел тарихындағы ең ірі IPO болады деп күтілуде.
Ірі институционалды инвесторлардан өтінім қабылдау 14 қазанда басталды, ал бөлшек және басқа инвесторлардан өтінімдер 15-17 қазан аралығында қабылданады.
14 қазанда Hyundai Motor India 1960 рупий бағасымен 83,15 млрд рупий көлемінде жеке қаржыландыруды тартты. Бұл раундқа 225 инвестор қатысты.