Ірі инвесторлардан қарыз алынбақ: мемлекет атом электр станциясы құрылысына қаржы бөлмейді

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Business News бөлімінің редакторы
АЭС құрылысына қажет қаржыны қайдан алады /Коллаж: kursiv.media, бильд редактор Ахтам Зиперов

Атом электр станциясының құрылысына мемлекет қазынасынан қаржы бөлінбейді. Үкімет ірі халықаралық қаржы консорциумдарынан қарыз тартуды жоспарлап отыр. Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров осы мақсатта жобалық қаржыландыруға жүгінгелі отырғанын жеткізді.

«Атом электр станциясын салу – Қазақстандағы ең ірі инвестициялық жоба. Бұл жұмысқа енді ғана кірісіп жатырмыз. Қазір жобаны жобалық қаржыландыру тәсілін қарастырып жатырмыз. Ол жердегі мемлекеттің қатысы белгілі бір экономикалық жағдай жасау болады», – деді Байбазаров.

Министр АЭС құрылысы – коммерциялық жоба болатынын, өзін-өзі ақтауы керек екенін айтты. Жобалық қаржыландыру деген – болашақ жоба түсімінен төленетін несие есебіне қаржыландыру әдісі. Егер АЭС салынса, кредиторлар жобаны жүзеге асыруға қаржы бөледі, ал мемлекет бұл несиені бюджеттен емес, АЭС табатын табыс есебінен төлемек.

Осылайша Үкімет атом стансасының құрылысына ірі қаржы консорциумдарынан қарыз алуға ниетті. Бұл ретте Байбазаров халықаралық инвесторлар әр елде салынып жатқан атом электр стансасына қаржы құйып жатқаныны айтып өтті.

Алайда министр бір инвестор осындай қомақты қаржыны бірден бере салмайтынын айтып отыр. Сондықтан жобаны бірнеше қаржы институты бірігіп қаржыландыруы мүмкін.

«Біздің міндет – тиісті тарифтер мен электр энергиясын тұтыну кепілдігі арқылы жобаның экономикалық тиімділігін қамтамасыз ету», – деп түсіндірді Байбазаров.

«Станцияны салып біткенше жобаның өзіндік құны бірнеше есе қымбаттап кетуі мүмкін бе» деген сауалға, министр тараптардың бүкіл міндеттері мен құқығы келісімшартта жазылады деп жауап берді. Құжатта бәрі егжей-тегжей жазылып, шығыны артып кетпеуге күш салынбақ.

Атом электр станциясын салуға қанша қаржы керек?

АЭС салу туралы референдум өтпей тұрып, қуаттылығы 2,4 ГВт  станцияға 12-15 млрд доллар қаржы қажет деген ақпарат шыққан. Оның құрылысы 10 жылға созылуы ықтимал.

Алайда «Қазақстан ядролық электр станцияларының» өкілдері жоба құны одан қымбатқа шығуы мүмкін деп пікір білдірген.

Ал қытайлық  CNNC компаниясының өкілі Ли Юдинг АЭС-ті Қытай салса, оның құны 20 млрд юань болатынын айтқан. Қытай станцияны 5 жылда салып беруге дайын екен.

Вице-премьер Роман Скляр АЭС салу үшін құрылатын консорциумға 5 ел кіруі мүмкін екен айтқан. Бірақ та нақты шығын қандай болатынын білмейтінін жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыз