Жаңалықтар

Израиль Ирандағы әскери нысандарға соққы жасауға ниетті – Washington Post

Фото: shutterstock

Израиль Ирандағы әскери нысандарға соққы беру ниетті. Washington Post басылымының жазуынша, Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бұл ниетін Ақ үйге ескерткен.

Газет дерекөзі өткен аптада Нетаньяху мен Байден телефон арқылы сөйлесіп, тараптар Иранның зымыран шабуылына қарсы соққы беру мәселесін талқылаған. Израиль премьер-министрі «Ирандағы әскери инфрақұрылымды нысанаға алуды жоспарлап отырғанын» айтқан. Оның жоспарын АҚШ жеңіл қабылдаған.

«Израиль АҚШ-тағы сайлауға дейін жауап қайтаратын болады»,- деп жазады басылым.

1 қазанда Иран ХАМАС пен Хезболла содырлары жетекшілері өліміне жауап ретінде Израильге зымыран жіберді. Израиль билігі бұл соққыны «үлкен қателік» деп атап, міндетті түрде қарсы соққы болатынын айтқан.

Таяу Шығыстағы геосаяси жағдай ушығып, Ормуз бұғазының жабылу ықтималдығы мұнай нарығында дүрбелең туғызды. Себебі бұл бұғаз арқылы күнінен 20 млн баррель көлемінде мұнай тасымалданады. Ертеңіне Brent маркалы мұнай бағасы 4,3% қымбаттап барреліне 77,9 долларға дейін жетті.

5 қазан күні таңертең Израиль әскери күштері Ливандағы «Хезболла» нысандарына әуе шабуылын жасады. Ливан астанасы Бейруттің оңтүстігінде жарылыстар болған. 

Таяу Шығыстағы жағдай ушығып тұрған тұста Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі тараптарды келіссөз үстелінде шешуге шақырды.