Банк пен қаржы

Зейнетақы жинағының бір бөлігін инвестициялық портфелді басқарушы компанияларға қалай беруге болады?

зейнетақы
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанда 2023 жылдың 1 шілдесінен «Әлеуметтік кодекс» қолданысқа енді. Соған сәйкес, қазақстандықтар зейнетақы жинағының 50%-на дейін инвестициялық портфельді басқарушылардың (ИПБ) сенімгерлік басқаруына бере алады. KursivMedia сауалына берген жауабында «БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Сәуле Егеубаева салымшылар жинағын сенімгерлік басқаруға беру тәртібін түсіндірді.

Зейнетқы жинағын басқарушы компаниялар

Қазіргі кезде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында қазақстандықтардың 20,7 трлн теңге зейнетақы жинағы бар. Соның ішінде 57,5 млрд теңгесі инвестициялық портфельді басқарушы компаниялардың (ИПБ) сенімгерлік басқаруына берілген. Қалған бөлігін Ұлттық банк басқарады. Қазіргі кезде салымшылардан қордағы зейнетақы жинағын ИПБ басқаруына аудару туралы 41 936 өтініш келіп түскен. Қазақстандықтан қордағы жинағын салымды 5 жеке басқарушы компанияға бере алады. Олар:

  • BCC Invest
  • Halyk Global Markets
  • Jusan Invest
  • Сентрас Секьюритиз
  • Halyk Financе

Сәуле Асқарқызының айтуынша, БЖЗҚ салымшы міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жарна есебінен жинақталған зейнетақы жинақтарының 50%-на дейін ИПБ-ның сенімгерлік басқауына бере алады. Төменгі жеткіліктілік шек деген талап жоқ.

Ал салымшыда ерікті жинағы болса, оны толығымен ИПБ-ға аудара алады. Қазақстандықтар зейнетақы жинағының қаншасын сенімгерлік басқаруға бере алатынын жеке кабинетінен тексере алады.

«Егер салымшы сақтандыру компаниясымен зейнетақы аннуитеті шартына отырған болса, онда ИПБ-ға міндетті зейнетақы жинақтары сомасының 100%-на дейін бере алады. Сондай-ақ ИПБ-ға ерікті жинақтарын толық көлемде беруге болады»,- делінген қор жауабында.

Өтінішті қалай береміз?

Зейнетақы жинағының бір бөлігін ИПБ-ға сенімгерлік басқаруға берем деп шешім қабылдаған адам, ең алдымен олардың қызметі, инветтабыс көрсеткіші, жұмыс нәтижесімен танысып алғаны абзал.

ИПБ-лар туралы толық ақпарат пен олардың инвестициялық декларацияларын enpf.kz сайтындағы Қызметтер» – «Инвестициялық портфельді басқарушылардың тізілімі» бөлімінен табуға болады.

Ал өтінішті enpf.kz сайтындағы Жеке кабинет арқылы ЭЦҚ көмегімен немесе бөлімшеге барып өткізуге болады. Өтініш берген соң, 30 күн ішінде салымшының жинағы ИПБ-ға аударылады. Егер сенімгерлік басқаруға беру туралы ойынан айнып қалса, ақша ИПБ-ға аударылғанға дейін өтінішін кері қайтарып ала алады.

Басқарушы компаниялардың инвесттабысы қандай?

Зейнетақы активін басқарушы компанияға аудармас бұрын, оның инвестициялық қызметімен, қандай қаржы құралдарына қаржы салатынымен танысып алу қажетін айттық. Өйткені жинақ қаржысы бос жатпай, жақсы инвестициялық табыс әкелуі шарт. БЖЗҚ дерегі бойынша, жалпы қордағы қаржыға 1,91 трлн теңге инветтабыс түскен.

2024 жылдың 8 айында ИПБ арасында Jusan Invest пен Сентрас Секьюритиз компанияларының инвестициялық табысы жоғары болған. Олардың басқаруындағы активтер 11,74% және 11,49% инвесттабыс алып келген. Бұл елдегі жылдық инфляциядан сәл жоғары. Ал қалған 3 ИПБ Ұлттық банкпен салыстырғанда төмен табыс алған.

Басқарушы компанияларға қандай талап қойылады?

Зейнетақы активтерін басқарушы компанияларға уәкілетті орган – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ерекше талаптар әзірлеген.

«ИПБ-лар инвестициялық портфельді басқару лицензиясына, нарықтағы табысты жұмыс және клиенттердің активтерін басқару тәжірибесіне, соңғы бірнеше жыл қорытындылары бойынша қаржы-шаруашылық қызметтің оң нәтижелеріне, зейнетақы активтерін инвестициялауға байланысты шығындарды жабу үшін меншікті капиталдың жеткілікті мөлшеріне және т.б. артықшылықтарға ие болуы шарт», – дейді Сәуле Егеубаева.

ИПБ-лар ҚНРДА-ның тізіліміне енгізіледі. Бұдан бөлек, басқарушы компания мен БЖЗҚ арасында шарт жасалуы тиіс. Сонымен қатар ИПБ, зейнетақы қоры және кастодиан банкпен үш жақты кастодиандық шарт болуы қажет.

Ұлттық банктің басқаруындағы активтердің сақталуына, инфляцияны ескере отырып инвестициялық табыс әкелуіне мемлекет кепілдік береді. Ал ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына берілген қаржыға мемлекеттің кепілдігі – басқарушы компанияның зейнетақы активтері кірістілігінің ең төменгі деңгейін қамтамасыз ете алатын кепілдігімен ауыстырылады.