Қаржы министрі бюджетке қаржы неге жоспардан кем түскенін түсіндірді
2024 жылдың 9 айында мемлекеттік бюджетке қаржы Үкіметтің жоспарынан кем түскен. Үкіметте есеп берген Қаржы министрі Мәди Такиев оған негізі үш себеп бар екенін айтады. Министрдің айтуынша, 9 айда мемлекеттік бюджетке 14,97 трлн теңге кіріс кірсе, соның 4,5 трлн теңгесі – трансферт.
Ал републикалық бюджетке түскен түсім 9,7 трлн теңгеде аспаған. Бұл биылғы жоспардан 16,9% аз. Оның 2 трлн теңгесі – Ұлттық қордан алынған.
«Мемлекеттік бюджетке түскен кірістер көлемі 14 трлн 967 млрд теңге болып, жоспар 93,2%-ға орындалды. Оның ішінде республикалық бюджеттің түсім көлемі 9 трлн 74 млрд болып, жоспар 83,1% орындалды», – деді министр.
Бюжет бүйірі неге тесік?
Такиев бюджет кірісі жоспарының орындалмауын салық түсімдерінің азаюымен байланыстырады. Үш тоқсанның қорытындысы бойынша жоспар 76%-ға ғана орындалған. Оған бірнеше себеп бар:
Мұнай өндірісінің қысқаруы: биыл 5,4 млн тонна мұнай кем өндірілген.
Қазақстанның сыртқы сауда белсенділігі төмендеген: әлемдік экономиканың баяулауы мен геосаяси жағдайлардың салдарынан Қазақстан импорты 8,3%-ға азайған. Оның ішінде Қытай халық республикасына 6,5% – ға, Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен 4% – ға төмендеген. Одан бөлек экспортқа шығарылатын металл бағасы арзандап барады.
Қосылған құн салығын қайтару 2023 жылмен салыстырғанда 3 есе өскен. Былтыр 594 млрд теңге көлемінде қосылған құн салығы қайтарылған.
Бұл ретте министр салықтық емес төлемдер өсіп, 921 млрд теңгеге жеткенін айтты. Бұл ретте жоспардың асыра орындалуына мемлекеттік акцияларға 684 млрд теңге дивиденд түсуі себеп болған.
Республикалық бюджет шығыны 16,7 трлн теңгені құрап жоспардың 95,5%-ын орындап тастаған. Қазына қаржысының басым бөлігі әлеуметтік салаға жұмсалған.
«Мәселен, 4 трлн теңге – зейнетақы мен жәрдемақыға, 4 трлн теңге – өңірлерге субвенцияларға, 1,3 трлн теңге – Міндетті медициналық сақтандыру қорына нысаналы жарна түрінде бағытталды», – деді министр.