Шерзат Болаттың үйіне қасақана өрт қойылған ба? Прокурор айғақтардың табылғанын хабарлады
Талғарда кісі қолынан қайтыс болған Шерзат Болаттың үйі өртеніп кеткеннен кейін, үй маңынан табылған канистра мен резеңке қолғаптарға экспертиза тағайындалды. Бұл туралы Қонаев қаласындағы баспасөз мәслихатында Алматы облысының прокуроры Берік Адамов мәлімдеді.
«Шерзаттың отбасы тұрған үйдегі өрттің себебін белсенді түрде зерттеп жатырмыз. Өрт болған жерде маңызды дәлелдер жиналып, 600-ден астам адамнан жауап алынды. Оқиғаның қалай болғанын нақты анықтау үшін бірнеше сараптама тағайындалды», – дейді прокурор.
Оның айтуынша, өрттен кейін оқиға орнына келген мамандар алдын ала болжам бойынша оттың сырттан қойылғанын айтқан. Үйдің маңынан канистра мен резеңке қолғаптар табылып, олар да қосымша экспертизаға жіберілген. Шерзаттың отбасына келген шығын көлемі әлі есептеліп бітпеген.
Прокурор өрт болмай тұрып, Шерзаттың туыстарының адвокаттары отбасын қорғау туралы өтінішті тергеушіге өрт болатыннан 5 сағат бұрын бергенін атап өтті. Адамовтың сөзінше, күзет Шерзаттың отбасының үйіне емес, атасының үйіне қойылған. Себебі оқиға болған дүкен сол маңда еді.
«Ол кезде біз ешқандай қауіптің алдын ала алмадық, білмедік. Қазір өрттің себебін нақты айта алмаймыз. Адвокаттардың жазған өтініші қаралып, қазір барлық отбасы қорғауға алынды», – дейді прокурор.
Талғарда 4 қазанда жасөспірім қайтыс болды. 7 қазанда оның туыстары қарсылық акциясына шықты. 12 қазанда үйі өртеніп кеткен.