Талғардағы жасөспірім өліміне байланысты істе күдіктілер саны артты
Алматы облысы Талғар ауданындағы кісі қолынан қайтыс болған Шерзат Болаттың ісіне байланысты күдіктілер саны артты. Енді 7 адам емес, 10 азамат күдікке ілінген. Бұл туралы Қонаев қаласындағы баспасөз мәслихатында Алматы облысының прокуроры Берік Адамов айтты.
Берік Адамовтың сөзінше, қазір 10 адам күдікті ретінде, тағы 2 адам куәгер ретінде қаралып жатыр. Күдікке ілінген 10 адамның үстінен екі бап бойынша қылмыстық іс қозғалған: «Адам өлтіру» фактісі және «Бұзақылық» фактісі.
Тергеу департаменті бастығының орынбасары Самат Айысовтың айтуынша, күдікке ілінген азаматтар арасында бұрын істі болғандар бар. Айысов олардың «Бұзақылық» бойыншы істі болғанын атап өтті.
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов күдіктілердің қатарында пробациялық бақылауда болған азаматтар барын да айтты. Олардың түнгі уақытта жүруіне полиция қызметкерлерінің жол беруіне байланысты қызметтік тексеру басталған. Әленов тексерудің қорытындыларымен бөлісуге уәде берді.
Вице-министр іске байланысты әзірге 4 бап бойынша қылмыстық істің тіркелгенін атап өтті. Яғни «Адам өлтіру», Бұзақылық», «Қорқыту» және «Қылмыс туралы хабар бермеу» фактілері бойынша тергеу жүріп жатыр.
Талғарда 4 қазан күні жанжал кезінде Шерзат Болат есімді 16 жастағы жігіт қайтыс болып, полиция 7 адамды қамауға алып, істі ІІМ бақылауына алған.