Алматы облысы Талғар ауданының әкімі Танат Айдарбековке сөгіс жарияланып, қала әкімі Бақыт Күрішбековпен оның орынбасары Матан Сағындық қызметтен босатылды. Бұл туралы Талғар ауданының әкімдігі хабарлады.
Әкімдік ақпаратына сүйенсек, қала әкімі мен орынбасары өзіне тиісті міндетті атқармағаны үшін жұмыстан шығарылған. Ал аудан әкіміне тек сөгіс жарияланған.
«Сеніп тапсырылған аумақта бақылауды әлсіреткен Талғар ауданының әкімі Танат Есенкельдиевич Айдарбековке сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылсын», – делінген Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қол қойған құжатта.
Өзге қызметтегі азаматтардың жауапкершілігіне байланысты тексеру жұмыстары жалғасып жатыр.
Айта кетейік, Талғар ауданында 16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне байланысты әкім аппаратының басшысы Аслан Қасымбаевтың қылмыс жасағандармен байланысы бар деген ақпарат тараған. Алайда бұл ақпаратқа қатысты KursivMedia әкімдікке жүгінгенде, олардан нақты жауап болмады.
Танат Айдарбеков аудан әкімі лауазымына 2023 жылдың қаңтарында келген. Оған дейін негізінен Алматы қаласында түрлі лауазымды қызмет атқарған.
Бақыт Күрішбеков 2022 маусым айында болған аудан және ауыл әкімдерінің сайлауында жеңіске жеткен. Оған сайлаушылардың 47,71%-ы дауыс берген.