Қытайдың атом бомбаларын жасайтын мемлекеттік корпорациясы Қазақстан уранын ірі көлемде сатып алмақ
«Қазатомөнеркәсіп» Қытайға ірі көлемде уран жеткізуге келісім жасады. Ұлттық компания Қытайдың CNNC Overseas және CNUC компанияларын U3O8 уран оксидімен қамтамасыз етпек.
Әңгіме CNNC Overseas Limited және China National Uranium Corporation Limited компанияларына нарықтық талаптар бойынша табиғи уран концентраттарын жеткізу туралы болып отыр.
Бұған орай 2024 жылдың 18 қазанында компания акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысы өтпек. Акционерлер онда дайындалып жатқан мәмілені қарастырмақ. Қазақстан заңнамасы бойынша, бұл – маңызды рәсім. Өйткені осы мәміленің құны, CNNC Overseas және CNUC алдындағы «Қазатомөнеркәсіп» қарызымен қоса алғанда, ұлттық компания активтерінің теңгерімдік құнының жартысынан асады.
Бұл екі компания Қытайдың әскери және азаматтық ядролық бағдарламаларын бақылайтын China National Nuclear Corporation (CNNC) мемлекеттік корпорациясының құрамына кіреді.
CNNC атом энергетикасы саласында жұмыс істейді. Ядролық қару саласында зерттеу жүргізіп, атом электр стансаларын салады. Ядролық отын өндіреді.