Lifestyle

Hyundai алдыңғы әйнектерге орнатылған голографиялық дисплей технологиясын ұсынды

Hyundai голографиялық дисплей технологиясын ұсынды / фото: IThome

Кореялық автокөлік өндіруші салондағы жылдамдықты басқа да ақпартты көрсететін экрандармен жабдықталған аспаптар тақталарынан бас тартып жатыр. Оларды алдыңғы әйнекке орнатылатын үлкен голограммалар алмастырады.

Hyundai немістің Zeiss линза және оптика өндірушісімен бірлесіп, болашақ көліктерге арналған голографиялық дисплей технологиясын ұсынды. Бұл дисплейлер Hyundai Mobis зауытында, Оңтүстік Кореяның Кенгидо провинциясында өндіріледі.

Алдыңғы әйнектегі голограммалар басқа автокөліктерде де кездеседі. Мысалы, осындай шағын экрандар «Мерседес» S-класс көліктерінде де бар. Алайда Hyundai бүкіл аспаптар тақтасын толығымен голограммамен алмастыратын алғашқы компания болады. Яғни мұндай көліктің салонында ешқандай дәстүрлі экрандар болмайды.

Барлық ақпарат, соның ішінде жылдамдық, таксометр, жанармай деңгейі, навигатор, қозғалыс режимдері, дөңгелектердің қысымы және басқа да мәліметтер жартылай мөлдір интерфейс түрінде алдыңғы әйнекте көрсетіледі. Бұл жүргізушінің назарын аспаптар тақтасына алаңдатпай, жолға көбірек назар аударуына мүмкіндік береді. Жүргізуші қалауы бойынша тек ең қажетті ақпаратты әйнекке шығарып, оларды баптай алады.

Hyundai 2027 жылға қарай барлық көлікке технологияны жаппай енгізуді жоспарлап отыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Hуundai АҚШ-та электомобильдер шығара бастағаны туралы жазған едік. Автоөндіруші Ioniq 5 электромобилін шығарды, бұл модель 2024 жылдың бірінші жартысында Tesla-дан кейін АҚШ-тағы ең көп сатылған электромобиль болды.