Жаңалықтар

Алматыда «Наурыз» ипотекасы бойынша сертификат алуға өтініш қабылдау басталды

Наурыз ипотекасы
«Наурыз» ипотека бойынша сертификатын алуға өтініш қабылдау басталды / фото: Отбасы банк

Алматы қаласында «Наурыз» ипотекалық бағдарламасы бойынша тұрғын үй сертификаттарына өтінім қабылдау басталды. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.

Әкімдік бөлген қаражат белгіленген талаптарға сәйкес келетін азаматтарға бастапқы жарнаның бір бөлігін жабуға бағытталады. Әр сертификаттың номиналы 1,5 миллион теңгеге дейін және қайтарымсыз әрі тегін беріледі.

Әкімдіктің мәліметінше, тұрғын үй сертификаттарын алушылар келесі санаттағы азаматтарды қамтиды:

1. 1 және 2 топтағы мүгедектер
2. Мүгедек балалары бар отбасылар.
3. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балалар.
4. Көпбалалы отбасылар.

Сонымен қатар тұрғын үй сертификатын алу үшін өтініш берушілердің отбасының орташа табысы бір отбасы мүшесіне 3,1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы керек (қазіргі уақытта бұл 134 561,7 теңге). Қойылған талаптарға сай келетін және Отбасы банкінен ипотеканы мақұлдаған азаматтар Kezekte.kz платформасы арқылы өтінім бере алады.

Қажетті құжаттар:

1. Жұмыс орнынан анықтаманың электрондық көшірмесі (бұл талап әлеуметтік осал топтарға қолданылмайды).
2. Банктен ипотекалық тұрғын үй несиесін мақұлдау туралы хаттың электрондық көшірмесі, онда несие сомасы және ай сайынғы төлем мөлшері көрсетілуі тиіс.

Өтініштер 3 жұмыс күні ішінде қаралады, бұл тұрғын үй көмегін алуды жылдам әрі қолжетімді қылады.

Бұған дейін тұрғын үй сертификаты тек «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдарламалары аясында берілетін, ал жаңа өзгеріс тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды қолдау мүмкіндігін кеңейтеді.