Су тасқыны кезінде халыққа көмек көрсеткен олигархтар тізімінде Назарбаевтың екі қызы неге жоқ – министр жауап берді
«Су тасқыны кезінде көмек көрсеткен олигархтар арасында Әлия мен Дариға Назарбаева неге болмады?» деген сұраққа Қаржы министрі Мәди Такиев жауап берді.
Министрдің айтуынша, су тасқыны кезінде көрсетілген көмектің көп бөлігі ірі кәсіпкерлер мен қайырымдылық қорларынан 200 млрд жуық қаражат түскен.
«Көптеген кәсіпкер мен қоғам белсенділері көмек көрсетті. Олардың ішінде есімі аталған тұлғалардың неге бар-жоғын айта алмаймын, көмек көрсететін кәсіпкерлерді мәжбүрлей алмаймыз. Бұл ерікті түрде жасалатын игі іс, сондықтан әркім өз үлесін қосады», – деді министр.
Су тасқынына көмек көрсету ісіне ел азаматтары мен кәсіпкерлер белсене қатысқанын атап өткен министр мұндай жағдайда халықтың бірлігі мен ұйымшылдығының маңызды екенін баса айтты.
Еске сала кетейік, бұған дейін су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға көмектескен кәсіпкерлер тізімін жазған едік.
Олардың ішінде Тимур Құлыбаев, Болат Өтемұратов, Михаил Ломтадзе, Кеңес Рақышев сынды кәсіпкерлер болды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқыны зардабымен күресу кезінде көмек қолын созбаған кәсіпкерлердің «кім екенін жақсы білетінін» айтты.
«Тасқынның зардабын жоюға бірқатар кәсіпкеріміз қомақты қаражат бөлді. Олар әрдайым туған елімен бірге екенін нақты іспен дәлелдеді. Ұлт мүддесіне сай жауапкершілігі мол кәсіпкерлік дегеніміз – осы. Әрине, қалыс қалған кәсіпкерлер де аз емес, олардың кім екенін де жақсы білеміз. Біз ешкімді мәжбүрлеген жоқпыз. Әркім өз таңдауын жасады», – деді президент.