Олжас Бектенов экономикалық көрсеткіштердің төмен болуын әкімдер мен министрлерден көріп отыр
Үкімет басшысы Олжас Бектенов экономикалық көрсеткіштердің төмендеп кетуіне әкімдер мен министрліктердің тиімді жұмыс жүргізбеуі себеп болғанын айтты. Бұл жайлы премьер-министр Үкімет сағатында мәлімдеді.
Айтуынша, экономикалық өсім осы жылдың тоғыз айында 4%-ды құраған. Оған ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және сауда салалары ықпал еткен. Ал мұнай өндіру көлемі бұл кезеңде төмендеп, ЖІӨ-нің өсу қарқынына кері әсер еткен.
«Әкімдер мен министрлер белсенді жұмыс жүргізсе, кейбір салалар мен өңірлердегі экономикалық көрсеткіштер бұдан әлдеқайда жоғары болатын еді», – деді премьер-министр.
Осыған орай Бектенов артта қалған салаларды жеделдету үшін қажетті шараларды дер кезінде қабылдап, күнделікті мониторинг жүргізуді тапсырды. Өңдеу өнеркәсібі саласында, құрылыс пен саудада үлкен резервтер бар екенін айтып, әкімдіктерді осы салаларды қолдауға шақырды.
Сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде қаржылық тәртіптің сақталуын ескертті. Барлық жауапты органдарға мұндай жобаларды уақтылы әрі сапалы іске асыру міндетін жүктеді. Өйткені өңірлерде инвестициялық көрсеткіштер айтарлықтай төмендеген. Сонымен бірге 11 өңір инвестиция тарту бойынша жоспарды орындай алмаған.
«Көріп отырғанымыздай, инвестиция тарту деңгейі төмендеп барады. 11 өңір негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша жоспарлы көрсеткішке
қол жеткізген жоқ. 11 салада инвестиция тарту көрсеткіші өте төмен», – деді Бектенов.
Атап айтқанда
- туризм;
- ақпарат және байланыс;
- резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру;
- химия өнеркәсібі;
- азық-түлік өнімдерінің өндірісіне дұрыс инвестиция тартылмаған.
Сонымен бірге жауапты министрліктер мен әкімдіктерге кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, олар өндіретін өнімді сату нарықтарын дамытуды, экспорттық тауарлар ассортиментін кеңейтуді міндеттеді.
Бектенов шетелден Қазақстан нарығына келуге мүдделі инвесторлар тарту мәселесін де қозғады. Қажет болған тұста, шетелден кәсіпорындарды арнайы іздеп отырып, Қазақстанға шақыруды ұсынды.
«Өндірістерді Қазақстанға көшіру үшін шетелдік кәсіпорындарды іздеп тауып, осында орналасқан өндірістерде локализацияны арттыруға жәрдемдесу керек. Ал жылдың соңына дейін негізгі капиталға салынатын инвестициялар бойынша нысаналы индикатордың орындалуын қамтамасыз ету қажет. Бәріңізге осындай міндет қоямын», – деді премьер-министр.
Бұл орайда, өңдеу секторына, агроөнеркәсіп пен көлік-логистика саласына, сондай-ақ су және электрмен жабдықтау саласына ерекше ден қоюды тапсырды.