Астанада жатақхана өртеніп, түтіннен уланған 5 адам ауруханаға жеткізілді – ТЖМ
Астанада жатақханада өрт болды. Бұл жайлы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Бүгін таңда Байқоңыр ауданы Тараз көшесінде орналасқан жатақханалардың бірінде бөлмелер мен ғимараттың шатыры жанды»,- делінген баспасөз хабарламасында.
Жедел шақырту мен оқиға орнынан жеткен өрт сөндірушілер 3 және 4-қабаттағы бөлмелердің отқа оранғанын байқаған. Бұл уақытта 3-ші қабатта эвакуацияланып үлгермеген адамдар болған. Өрт сөндірушілер арнайы баспалдақ көмегімен 3-қабаттан 6 адамды құтқарған.
Өрт кезінде 5 адам түтінмен уланған. Олар жедел жәрдем көмегімен қала ауруханасына жеткізілген.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, өрт сөндіру жұмыстары оңай болмаған. Ғимараттың жан-жағында автокөліктер тұрғандықтан, өрт сөндіру жұмыстары қиындаған. Тілсіз жау 850 шаршы метрді шарпыған. Қазіргі таңда өрттің себебі анықталып жатыр.