Кей қалаларда фельдшерлер таксимен жүріп көмек көрсетіп жатыр – Аймағамбетов елдегі жедел жәрдем көліктерінің жағдайы сын көтермейтінін айтты

Жарияланды
Аймағамбетов жедел жәрдем көліктерін жаңартпаған жергілікті әкімдіктердің жұмысын сынға алды / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Елдегі жедел жәрдем көліктерінің 60%-ға жуығы тозған. Бұл жайлы Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің жиынында комитет төрағасы Асхат Аймағамбетов айтты.

Норматив бойынша 10 мың халыққа бір бригада болуы керек. Ал статистикаға сәйкес, елде 379 жедел жәрдем бригадасы жетпейді. Бұл – 3,8 млн халық жедел жәрдем көрсету қызметімен қамтылмаған дегенді білдіреді.

«Елдегі жедел жәрдемнің өзіне жедел жәрдем керек. Неге десеңіз, бұл мәселеге қатысты жағдай өте қиын. Санитарлық көліктердің тозуы 59%-ға жуық. Мұндай көрсеткішпен елдегі жедел жәрдем қызметі қалай жұмыс істеп жатыр деген сұрақ туындайды», – деді депутат.

Комитет төрағасы жедел жәрдем көліктерінің өңірлер бөлінісінде тозу деңгейі жоғары екенін айтты. Облыстардағы санитарлық көліктердің тозу деңгейі мынадай:

  • Абай облысында – 69%
  • Шығыс Қазақстан облысында – 59%
  • Батыс Қазақстан облысында – 82%
  • Қостанай облысында – 67%
  • Қызылорда облысында – 62%
  • Маңғыстау облысында – 75%
  • Павлодар облысында – 70%
  • Шымкентте – 72%
  • Астанада – 83%

Одан бөлек жедел жәрдемді қаржыландыру тарифі де тым арзан. Аймағамбетовтің айтуынша, тарифтер 300 теңгенің айналасында есептеледі. Жедел жәрдем қызметкерлерінің жалақысы да, соған сай төмен.

«Бұл ақша шығындарды жабуға жетпейді. Жалақы төмен, машиналар ескі» деген депутат жаңадан алынған машиналардың да сапасы сын көтермейтінін атап өтті. Заң бойынша жедел жәрдем көлігімен қамтамасыз ету әкімдіктер міндетінде екен. Алайда жергілікті атқарушы органдар санитарлық көлікпен қамту бойынша өз міндеттемелерін лайықты деңгейде орындамайды.

«Әкімдіктердің бұл бағыттағы жұмысы көңілден шықпайды», – деді депутат.

Осы орайда Аймағамбетов Абай облысы әкімдігінің жұмысын сынға алды. Көліктерінің тозу деңгейі 69%-ды құрайтын өңір жаңадан құрылғанына қарамастан, санитарлық көліктерді жаңарту бойынша жұмыстар жүргізбеген. Облыстық денсаулық басқармасының өкілі бұл бағытта келіссөздер жүргізіліп жатқанын, жергілікті бюджет қаражатының жетпей жатқанын айтып ақталды.

«Келіссөз жүргізіп жатырмыз дейсіздер. Тағы 5 жыл жүргізесіздер ме? Құрғақ статистикамен шектеліп отырсыздар. Бұл Абай облысының тұрғындарына керек емес пе? Санитарлық көліктердің 70%-ы тозған. 3 жылдан бері бірде-бір көлікті жаңартпағансыздар. Жаңа құрылған облыс қой. Осы аралықта шетінен жаңартуға болатын еді ғой. Шыршаларға қаражат оңай табылады. Бұл сонда қалай болғаны? Кішкене жанашырлық керек. Кей қалаларда көлік жоқ фельдшерлер таксимен жүріп, жедел жәрдем көрсетіп жүр деп естідік», – деді Аймағамбетов.

Сондай-ақ оқыңыз