Шерзат ісі бойынша сот онлайн режимде өтуі мүмкін
Алматы облысы прокуроры Берік Адамов жәбірленуші тараптың ашық сот өткізу туралы талабына қолдау білдіретінін айтты.
«Жәбірленуші тарап жағынан ашық сот процесін өткізу туралы көп әңгіме айтылып жатыр. Прокуратура сот процесін ашық, онлайн режимде өткізуге өтініш беретін болады», – деді прокурор.
Берік Адамовпен бірге, Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов Талғардағы 16 жасар Шерзат Болаттың өліміне қатысты қылмыстық істің тергеу барысы туралы айтып берді.
Тергеу департаментінің бастығының орынбасары Самат Айызов «Қамажай» дүкеніндегі үш камерадағы бейнежазбаны көрсетіп, оқиғаның қалай өрбігенін көрсетті. Бейнежазбада қайғылы оқиға болған күні Шерзаттың әкесі дүкенде сатушы болып тұрған. Күдіктілердің бірі келіп, екі бөтелке сыра сатып алады. Содан кейін тағы да бір сыра, бірнеше қорап темекі алып, сатушымен есептесіп, шығып кетеді. Кейін дүкенге қайтып келіп, телефонын қуаттап беруін өтінеді. Бір айналып келіп, телефонын алады. Ол кезде сатушы мен сатып алушының арасында ешқандай жанжал болмайды.
Телефонын алып, сыртқы шыққаннан кейін, дүкен алдында Шерзат пен күдіктінің арасында жанжал шығады. Шерзат оған қол көтерген. Күдіктінің соққыдан есеңгіреп тұрғаны көрінеді. Бірақ құқық қорғау органдары жанжалдың себебін айтпады. «Нақтылап жатырмыз» деп қысқа қайырды.
Содан кейін бейнежазбада Шерзаттың әкесінің су әкеліп, бетін жууға көмектескені көрінеді.
Біраз уақыттан кейін күдіктілердің достары келе бастайды. Дүкенді жалға алушылар мен жиналып қалған бір топ күдіктілердің арасында ерегіс басталады. Шерзаттың әкесінің қолында пышаққа ұқсас зат бар екені көрінеді.
Дәл осы бейнежазда екі әйел және көлік ішінде отырған адам жанжалға араласпаған. Екі әйел ажыратуға тырысқан.
Десе де бұдан бөлек тұрғындар түсірген тағы да бір бейнежазба бар екені мәлім.
«Тұрғындар түсірген видео зерттеліп жатыр. Ол да іске алынған», – дейді Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары.
Бауыржан Аленов тұрғындар түсірген бейнежазба бойынша жаңа жағдайлар анықталса да, қосымша шара қолданылады деп уәде берді.
Мұның алдында Берік Адамов күдіктілердің саны артып, 10 адамға жеткенін айтқан.