Қазақстан Пәкістан нарығына тауар экспортын ұлғайтуға мүдделі
Пәкістанның Исламабад қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкімет басшылары кеңесінің отырысы өтті. Премьер-Министр Шахбаз Шариф пен Қазақстан үкіметінің басшысы Олжас Бектенов экономика саласындағы байланысты нығайту мәселесін талқылады.
2024 жылдың қыркүйегіне дейін Пәкстанға ауыл шаруашылығы тауары экспортын екі есе көбейтті. Республика негізінен дәнді-дақылдар мен көкөністерді тасымалдайды. Алдағы уақытта 2 млн тонна дәнді-дақыл жеткізбек.
Сегіз айда екі елдің тауар айналымы 16%-ға артты. Импорт пен экспорт көлемі 40 млн доллар шамасында.
«Қазақстан Пәкістан нарығына жалпы құны 490 млн доллардан асатын 85 тауар түрі бойынша жеткізу көлемін арттыруға, оның ішінде жеткізілетін мұнай-химия, металлургия, химия, фармацевтика салаларының, сондай-ақ тамақ өнеркәсібі мен машина жасау өнімдерінің номенклатурасын кеңейтуге дайын», – деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Жүк тасымалдау үшін темір жол және автожол арқылы қатынау мәселесі де талқыланды. Ауғанстан арқылы өтетін маңызды бағыттар транзиттік ағынды арттырмақ:
- «Қазақстан – Өзбекстан – Ауғанстан – Пәкістан» мультимодальды бағыты;
- «Қазақстан– Түрікменстан – Ауғанстан – Пәкістан» көлік дәлізі.
Осының нәтижесінде Қазақстан темір жол транзитін үш есе, автожол арқылы жүк тасымалын төрт есе ұлғайтуды жоспарлап отыр.