Жаңалықтар

Қазақстан Пәкістан нарығына тауар экспортын ұлғайтуға мүдделі

Қазақстан Пәкістан нарығына жалпы құны 490 млн доллардан асатын 85 тауар көлемін арттыруға дайын/ коллаж kursiv.media

Пәкістанның Исламабад қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкімет басшылары кеңесінің отырысы өтті. Премьер-Министр Шахбаз Шариф пен Қазақстан үкіметінің басшысы Олжас Бектенов экономика саласындағы байланысты нығайту мәселесін талқылады.

2024 жылдың қыркүйегіне дейін Пәкстанға ауыл шаруашылығы тауары экспортын екі есе көбейтті. Республика негізінен дәнді-дақылдар мен көкөністерді тасымалдайды. Алдағы уақытта 2 млн тонна дәнді-дақыл жеткізбек.  

Сегіз айда екі елдің тауар айналымы 16%-ға артты. Импорт пен экспорт  көлемі 40 млн доллар шамасында.

«Қазақстан Пәкістан нарығына жалпы құны 490 млн доллардан асатын 85 тауар түрі бойынша жеткізу көлемін арттыруға, оның ішінде жеткізілетін мұнай-химия, металлургия, химия, фармацевтика салаларының, сондай-ақ тамақ өнеркәсібі мен машина жасау өнімдерінің номенклатурасын кеңейтуге дайын», – деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Жүк тасымалдау үшін темір жол және автожол арқылы қатынау мәселесі де талқыланды. Ауғанстан арқылы өтетін маңызды бағыттар транзиттік ағынды арттырмақ:

  • «Қазақстан – Өзбекстан – Ауғанстан – Пәкістан» мультимодальды бағыты;
  • «Қазақстан– Түрікменстан – Ауғанстан – Пәкістан» көлік дәлізі.

Осының нәтижесінде Қазақстан темір жол транзитін үш есе, автожол арқылы жүк тасымалын төрт есе ұлғайтуды жоспарлап отыр.