Жаңалықтар

Сарандағы жылу мәселесін бақылауға алмаған Қарағанды облысының әкіміне ескерту жасалды

Қарағанды облысына қарасты Саран қаласының жұрты бірнеше күннен бері жылусыз отыр / коллаж kursiv.media (Аскар Ахметуллин), Фото: t.me/KZgovernment, коллаж Ахтам Зиперов

Олжас Бектенов Саран қаласындағы жылу қазандығының дайындығына қатысты жалған ақпарат берген жауапты тұлғалардың барлығы жауапкершілікке тартылатынын ашып айтты. Облыс әкімдігі тарапынан тиісті бақылау болмағандықтан, осындай жағдай болып отыр. Осылай деген премьер-министр Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекпаевқа ескерту жасады.

Үкімет отырысында Саран қаласындағы жағдай туралы есеп берген Бөлекпаев шаһарға бүгін толықтай жылу беріледі деп сендірді.  

«13 қазанда қазандық төмен қайнаған қабатпен насос жабдығы автоматикасының дұрыс жұмыс істемеуіне байланысты мәжбүрлі түрде тоқтатылды. Режимдік баптау бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Ақаулардың шығуына байланысты жылумен жабдықтауды резервтік схемаға көшу бойынша шешім қабылданды. 124 үй резервтік жылытуға қайта қосылып, жылу беріліп жатыр. Бүгінгі күннің соңына дейін барлық үйге жылу берілетін болады. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда», – деді облыс әкімі Ермағамбет Бөлекпаев Үкімет отырысында.

Олжас Бектенов те мәселені 15 қазаннан қалдырмай шешуге пәрмен берді. Үкімет басшысы жылу жүйесіндегі ақауға жол берген жауаптылардың барлығы тиісті жауапкершіліктен құтылмайтынын да ескертті.

«Бүгін бәрін аяқтау қажет. Бірінші кезекте, бұл – Саран қаласы әкімінің жеке жауапкершілігі және облыс әкімдігі тарапынан тиісті бақылаудың жоқтығы. Менің тапсырмам бойынша қазір тексеріс жүріп жатыр. Жылу беретін нысанның дайындығы туралы жалған ақпарат берген адамдардардың барлығы жауапкершілікке тартылады. Осы отырыстан кейін Энергетика министрі Саран қаласына барып, өзі бәрін тексереді. Тексеру нәтижесі бойынша материалдарды құқық қорғау органдарына жібереміз. Егер қылмыстың құрамы бар болатын болса, кінәлі адамдардың бәрі қылмыстық жауапкершілікке тартылады», — деді Олжас Бектенов.

Еске салсақ, осыған дейін Қарағанды ​​облысындағы Саран қаласының тұрғындары үйлерінде жылу жоқтығын айтып шағымданды. Әкім Еркін Баулықов қолайсыздық үшін кешірім сұрап, жақын арада пәтерлерге жылу берілетініне ​​уәде берді. Қала әкімінің айтуынша, қалада жаңа қазандықтар бар, сондықтан температураны біртіндеп көтеру қажет.

Бір ай бұрын Саран әкімдігі орташа тәуліктік температура бес күн бойы +10 градус немесе одан төмен болса, жылу берілетінін мәлімдеген болатын. Синоптиктердің болжауынша, түнде Саран қаласында ауа температурасы минус 4 градусқа дейін төмендейді.