Жаңалықтар

Қор нарығына шолу: ЕО экономикасындағы ахуал, Қытай ЖІӨ-ге қатысты болжам, АҚШ-тағы қиындықтар

Фото: Shutterstock

Америкалықтардың инфляциялық күтулері 2020 жылдың сәуірінен бергі ең жоғары деңгейге жетті. Ал Еуроаймақ экономикасында жандану белгілері көріне бастады. Қытайдың ЖІӨ өсіміне қатысты болжам төмендеді. Осы және өзге де тақырыптар туралы 15 қазандағы әлемдік БАҚ шолуынан оқыңыз.

Несиесін басқаруда қиындықтарға тап болған америкалықтар саны артып келеді

Reuters агенттігінің мәліметінше, Нью-Йорк федералды резерв банкі қыркүйекте жүргізген сауалнамаға сәйкес, америкалық тұтынушылар ұзақ мерзімде инфляцияның жоғарылауын күтетіндерін айтқан. Бұл инфляциялық күтулер 2020 жылдың сәуірінен бері алғаш рет осындай жоғары деңгейге жетті.

Сауалнамаға қатысушылардың пікірінше, бір жылдан кейін АҚШ-тағы инфляция 3% деңгейінде қалады, ал үш жылдан кейін 2,7% және бес жылдан кейін 2,9% болады. Бір ай бұрын жүргізілген сауалнамада үш жылдық инфляция 2,5%, ал бес жылдық көрсеткіш 2,8% деп бағаланған еді.

Тағы бір алаңдатарлық белгі – тұтынушылардың алдағы үш айда несие төлемін кешіктіру ықтималдығының артуы. Күтілетін орташа ықтималдық 14,2%-ды құрап, тамыздағы 13,6%-бен салыстырғанда өскен. Осылайша, несиелерін басқаруда қиындықтарға тап болған америкалықтардың саны артып келеді. Төлем кешіктіру ықтималдығы жылдық табысы 50 мың доллардан төмен отбасылар арасында кең таралып отыр.

Сондай-ақ Нью-Йорк федералдық резерв банкі есебіне сәйкес, тұтынушылар азық-түлік бағасының өсуін күтуде. Сауалнама нәтижелері бойынша, келесі жылға күтілетін табыс пен шығындарға қатысты болжамдар аздап төмендеген, ал еңбек нарығындағы жаңа жұмыс табуға қатысты кейбір аспектілер жақсарған.

Еуроаймақ экономикасы өсім белгілерін көрсете бастады

Еуроаймақ экономикасы бірқатар көрсеткіштерге сәйкес әлсіз болса да, оң өсімді көрсетті деп жазды Reuters. ЕО-ның ЖІӨ бір жылдан астам уақыт бойы рецессия шегінде тұрды. Тамыз айында өнеркәсіп өндірісі көлемі алдыңғы аймен салыстырғанда 1,8%-ға өсті, бұл күтілгеннен сәл жоғары болды деп хабарлады Евростат. Жылдық өсім 0,1%-ды құрады.

Оң динамиканың негізгі қозғаушы күші капиталдық жабдықтар мен ұзақ мерзімді тұтыну тауарларын өндіретін кәсіпорындар болды. Германиядағы, яғни блоктағы ең ірі экономиканың өндіріс көлемі ай сайын 3%-дан астам өсім көрсетті. Бұл – еуроаймақтың ірі елдері арасындағы ең үлкен өсім.

Алайда жылдық есеп бойынша өсім әлі де нөлге жақын. Энергия ресурстарының жоғары құны, Қытай тарапынан әлсіз сұраныс және әлемдік нарықтардағы бәсекелестіктің күшеюі Германия өнеркәсібін әлсіретті. ING экономисі Берт Колиннің айтуынша, «Еуроаймақтың өнеркәсіпке қатысты болжамдары 2024 жылдың соңына дейін әлсіз болып қала береді. Қазіргі кезде сектордың динамикалық қалпына келуін болжау қиын».

Соған қарамастан, Германия үшін жағымды белгі ретінде ZEW экономикалық көңіл-күй индексінің 13,1 тармаққа дейін өсуі болды (қыркүйекте 3,6 тармақ болған). Төмен әрі тұрақты инфляция күтулері, пайыздық мөлшерлемелердің одан әрі төмендеуі және экспорттық сұраныстың сәл жақсаруы көңіл-күйді жақсартуға ықпал етті, деп көрсетілген ZEW есебінде.

Тағы бір оң жаңалық – компанияларға арналған несиелерге сұраныстың артуы. Еуропа орталық банкі 2022 жылдың үшінші тоқсанынан бері алғаш рет банктер компаниялар тарапынан несиеге таза сұраныстың біршама өскенін хабарлады. Пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуі корпоративтік несиелерге деген сұранысты ынталандырды.

Қытай электромобильдеріне арналған тарифтер ЕО-дағы зауыттардың жабылуын жеделдетеді

Stellantis компаниясының бас директоры Карлос Таварестің пікірінше, Еуроодақтың қытайлық электрмобильдерге енгізген тарифтері Қытайдағы зауыттардың жабылуын тездетеді. Оның айтуынша, компаниялар тарифтерді айналып өту үшін Еуропада зауыттар салуды жөн көреді. Кәсіпорындар көбінесе Шығыс Еуропа елдерінде орналасуы мүмкін, деп жазды Asia Financial.

Таварес қытайлық электромобиль өндіруші алып компания BYD-ті атап өтті. Ол қазірдің өзінде Венгрияда өзінің алғашқы еуропалық құрастыру зауытын салып жатыр. Алайда Еуроодақ ішіндегі қатаң бәсекелестік өндірістік артық қуаттар проблемасын күрделендіріп, Батыс Еуропадағы бірқатар кәсіпорынның жабылуына әкеледі. Таварестің айтуынша, қытайлық автокөлік өндірушілер Германия, Франция немесе Италия сияқты елдерді автомобильдер құрастыру орны ретінде қарастырмайды. Себебі ол елдерде қаржылық шығындарға ұшырауы мүмкін.

Reuters сауалнамасы: 2024 жылы Қытай экономикасы 4,8%-ға өседі

Reuters агенттігінің сауалнамасына қатысқан экономистердің пікірінше, Қытай экономикасы 2024 жылы 4,8%-ға өседі, бұл үкіметтің 5% деңгейіндегі мақсатынан төмен. 2025 жылы өсу қарқыны 4,5%-ға дейін баяулауы мүмкін.

«Негізгі қысым тұтыну тарапынан, бұл дефляциялық қысыммен байланысты», – дейді ANZ компаниясының Қытайдағы аға стратегы Син Чжаопэн. Сарапшы төртінші тоқсанда экономикалық белсенділік жақсарады деп күтеді. Өйткені бірқатар ынталандыру шаралары күшіне енеді. Дегенмен, 2024 жылға арналған экономикалық өсу 4,9% деңгейінде қалады деп болжайды.

Сондай-ақ Reuters сауалнамасына қатысқан аналитиктер Қытайдың орталық банкі төртінші тоқсанда бір жылдық несиелер бойынша негізгі мөлшерлемені 20 базистік тармаққа төмендетеді, ал банктердің міндетті резервтерінің нормативі (RRR) 25 базистік тармаққа кемиді деп күтілуде. Сонымен қатар 2025 жылдың бірінші тоқсанында жеті күндік кері РЕПО мөлшерлемесі (негізгі пайыздық мөлшерлеме) 20 базистік тармаққа төмендейді. Бұл болжам экономикалық өсуді монетарлық ынталандырулар арқылы қолдау жөніндегі биліктің мәлімдемелеріне негізделген. Инфляциялық үдерістерге келетін болсақ, сауалнамаға қатысқан сарапшылардың пікірінше, тұтыну бағаларының индексі (ТБИ) биыл 0,5%-ға өседі, бұл үкіметтің шамамен 3% деңгейіндегі мақсатынан айтарлықтай төмен. 2025 жылы ТБИ 1,4%-ға дейін өседі.