Жаңалықтар

Қазақстан қор биржасы ресейлік жаңа акционерлерінен түпкі иесі туралы ақпарат сұратпақ

Қазақстан қор биржасы негізі акционерлері қандай тұлғалармен байланысты / Фото: KASE

Қазақстан қор биржасының басқарма төрағасы Алина Алдамберген Мәскеу биржасы Қазақстан қор бижасындағы (KASE) 13,1% үлесін қандай шарттармен, қаншаға сатқанын білмейді. Қор биржасы енді осы үлесті сатып алған қос компаниямен байланысы бар тұлғалалар туралы ақпарат сұратпақ. Бұл туралы Алина Алдамберген брифинг барысында мәлімдеді.

«Біз мәміленің қатысушы тарапы емеспіз, сондықтан қандай шарттарға келіскенін білмейміз. Мәскеу биржасы өз акцияларын коммерциялық негізде сатқан шығар», – деп түсіндірді Қор төрағасы.

Сонымен қатар Қазақстан қор биржасы Мәускеу қор биржасына тиесілі үлесті сатып алған «Тетис Кэпитал» және «Баланс Эссет Менеджмент» басқарушы компанияларынан аффилирленген және байланысы бар тұлғалар туралы ашық ақпарат сұратпақ. Қос компания жабық инвестициялық пай қорларын басқарады. Алина Алдамберген Қазақстан қор биржасының жаңа акционерлері Қазақстан заңнамасы негізінде өз құрылтайшылары мен байланысты тұлғалары туралы ақпаратты беруге тиіс екенін айтады.

«Біз жүргізген келіссөздер нәтижесінде, Мәскеу биржасы акционерлер қатарынан шығатыны туралы келісімге қол жеткізілді. Ал өз үлесін кімге сатады, өзі біледі: бұл – MOEX-тің жеке құқығы. Байқап отырғанымыздай, инвестициялық қор активтерін басқаратын екі компания сатып алған. Осыған байланысты, біз заң талаптары аясында осы акционерлерге байланысы бар тұлғалар туралы ақпарат сұратуды жоспарлап отырмыз. Бұл қазақстандық заңнамаға сәйкес қажет», – деп атап өтті KASE басшысы.

11 қазан күні Қазақстан қор биржасының Мәскеу биржасына тиесілі акциялары қос ресейлік компания меншігіне өткені белгілі болды.Қазақстан қор биржасының негізгі акционері – Ұлттық банктің төрағасы  Тимур Сүлейменов сол күні нақты шешім қабылданғанғанын жеткізді. Ресейлік «Тетис Кэпитал» ЖШС қордың 8,5% үлесін, ал «Баланс Эссет Менеджмент» компаниясы 4,6008% акциясын алды.

АҚШ Мәскеу қор биржасына санкция салған соң, MOEX-тің Қазақстан қор биржасы акционерлері қатарынан шығуы туралы мәселе көтерілген. Өйткені қор акционерлерінің біріне санкция салыну KASE-де айырбастау мен жеке төлемдер қызметіне қауіп төндірді.