Жаңалықтар

Қазақстан БРИКС ұйымына кіру мәселесін ұлттық мүдде тұрғысынан мұқият қарастырады

БРИКС
Қазақстан БРИКС ұйымына кіре ме / Коллаж: kursiv.media. бильд-редактор Артур Алескеров

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанның БРИКС-ке кіруі туралы ұсыныс түскенімен, мемлекет басшысы бұл ұсынысты ұлт мүддесі тұрғысынан мұқият қарастырып жатыр. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Tengrinews.kz сайтына берген сұхбатында мәлімдеді.

«Президентке Қазақстанның БРИКС құрылымына кіру мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныстар түсті…Бұл ұсынысты Мемлекет басшысының өзі мұқият қарастырып отыр және оның тапсырмасы бойынша тиісті ведомстволар Қазақстанның ұлттық мүдделері тұрғысынан талдау жүргізіп жатыр», – деді баспасөз хатшысы.

Оның айтуынша, Қазақстан БРИКС-тің даму эволюциясын қызығушылықпен бақылап отыр.

«Біздің еліміз осы құрылымның негізін қалаған мемлекет басшыларының қандай да бір алпауыт державаның гегемониясынан азат, әділетті әрі демократиялық әлемдік тәртіп құру туралы бастамасын қолдайды», – деді ол.

Сонымен қатар ол Қазақстан «қазір және жақын болашақта БРИКС-ке мүше болуға өтініш беруден қалыс қалатынын» айтып өтті.

23-24 қазан күндері Қазан қаласында өтетін БРИКС саммитіне ел президенті қатысып, ұйымның «аутрич» форматындағы жиынында сөз сөйлейді.

Биыл жазда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мүше мемлекет ретінде БРИКС-ті дамытуға үлес қосқысы келетінін ресми түрде мәлімдеді. Мемлекет басшысы БРИКС пен ШЫҰ-ға ортақ мүдделер мен басымдықтарды ескере отырып, күш біріктіруді ұсынды.

Биыл шілде айында Қытай Қазақстанның БРИКС+ мемлекетаралық бірлестігіне кіруін қолдады. Бұл туралы Қытай төрағасы Си Цзиньпин айтты.