Банк пен қаржы

Отбасы банктің «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасына зейнетақы қорындағы 150 млрд теңге инвестицияланған

«Наурыз» бағдарламасына БЖЗҚ қаржысы инвестицияланды / Фото: kursiv.media

Ұлттық банк зейнетақы қорындағы 150 млрд теңгені «Отбасы банктің» облигацияларына салған. Ипотекалық бағдарламалар операторы бұл қаржыны «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасын қаржыландыруға жұмсады. «Наурыз» бағдарламасы арқылы 68 мың адам баспалы болмақ. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектеновтің депутаттық сауалға берген жауабында жазылған.

Ұлттық Банк «Отбасы банктің» облигацияларына 7-9%-дық мөлшерлемемен инвестиция салған.

«Ұлттық банктің ұстанымына сәйкес, БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялау – БЖЗҚ салымшыларының мүддесі үшін тек нарықтық шарттармен жүзеге асырылады. Зейнетақы активтерін нарықтық мөлшерлемелерден төмен мөлшерлемемен инвестициялау мүмкін емес. Себебі бұл және ұзақмерзімді перспективада нақты кіріс алудың негізгі мақсаттарына қайшы келеді», – деп жазылған жауапта.

Бектенов өз жауабында әлеуметтік тұрғын үй құрылысын қаржыландыру 2016 жылдан бері қолға алынғанын атап өтеді. Осы мақсатта жергілікті атқарушы органдардың бағалы қағаздары шығарылады. Халықтың тұрмысы нашар және тұрғын үй кезегінде тұрғандарға басымдық беріледі.

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан осы тетік бойынша инвестиция көлемі баспанаға мұқтаж жандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету қажеттілігіне орай ұлғаяды», – делінген жауапта.

Сегіз жылда 90 мыңға жуық мұқтаж азамат тұрмыс жағдайын жақсартты. Жауапта биыл шамамен 165 млрд теңгеге облигация сатып алу жоспарланғаны жазылған. Бұл қаржыға 16 мың пәтер салынып, жылдық 2 және 5%-бен ипотекаға беріледі.

Жақында Ұлттық банк «7-20-25» ипотекалық бағдарламасының мерзімін 2029 жылға дейін ұзартты. Бұл бағдарлама аясында жыл сайын 100 млрд теңге бөлу жоспарланған.