Жаңалықтар

Боранбаевтың әйелі мемлекет тартып алған мүлікті бөлісу туралы сотта тағы да жеңіліп қалды

Шолпан Боранбаева
Шолпан Боранбаева мүлікті бөлу туралы сотта тағы да жеңіліп қалды / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Қайрат Боранбаевтың әйелі Шолпан Боранбаева Esentai Tower бизнес орталығы маңындағы ғимаратты бөліп алу туралы өтінішін Алматы қалалық апелляциялық сотына жолдаған. Сот оның өтінішін қанағаттандырмаған.

Айта кетейік, осыған дейін шілде айында Медеу аудандық сотына жүгінген Боранбаеваның өтініші қанағаттандырылмаған. Осыдан кейін ол сот шешімімен келіспей, Алматы қалалық апелляциялық сотына жүгінген. Сот алқасы Медеу аудандық сотының шешімінен ешқандай қате таппай, онымен келіскен.

«Сот алқасы бірінші сатыдағы соттың тұжырымымен келіседі. Апелляциялық шағымға келген дәлелдерді бірінші сатыдағы сот қарап, құқықтық баға берген. Талапкер мен жауапкер шағымға байланысты жаңа дәлел келтірмеген», – делінген сот қаулысында.

Шолпан Боранбаева Алматы сотының шешіміне қатысты Жоғарғы кассациялық сотқа шағым түсіре алады. Шағым түсіруге оларға 6 ай уақыт берілген.

Шолпан Боранбаева
2Gis

Қайрат Боранбаев 2023 жылы мемлекетке Esentai Tower бизнес орталығы маңындағы Әл–Фараби даңғылы 77/7, корпус 1 мекенжайындағы Tor және Cafeteria мейрамханалары орналасқан 2 қабатты ғимаратты қайтарып берген. Алайда ол әйелімен ажырасқаннан кейін, Шолпан Боранбаева бұл шешіммен келіспей, ғимараттың жартысын өзіне қайтарып алмақ болған. Себеп бұл мүлік екеуі некеде болған кезде сатып алған ортақ мүлік деп есептеген.