Досаев басқаратын Алматы әкімдігі жүргізушілерге жазғы дөңгелектерін ауыстыруға кеңес берді
Алматыда көктайғақ болады. Осыған орай Алматы әкімдігі жүргізушілерге жазғы дөңгелектерін ертерек ауыстыруға кеңес берді.
Әкімдіктің мәліметінше, күннің суытуына байланысты Алматының коммуналдық қызметі күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Көктайғаққа қарсы шараларға 800-ден астам техника мен 1400 жұмысшы жұмылдырылды.
Алматыда 14 қазаннан бастап күн суып, жауын-шашын жауа бастады. «Қазгидромет» болжамынша, 17 қазанда қар жаууы мүмкін. Күн райының бұзылуынан ауа температурасы төмендеп, көктайғақ болуы мүмкін.
Коммуналдық қызметтер көктайғаққа қарсы жұмыстарды жедел жүргізуге дайын. Бұл жұмысқа 10 мердігер ұйым, 841 техника және 1405 жұмысшысы жұмылдырылды. Көктайғаққа қарсы 76 тонна материал дайындалған.
«Жолда көктайғақ болуы мүмкін, сондықтан жүргізушілер жылдамдықты азайтып, көлік арақашықтығын сақтап, шұғыл бұрылмауы керек, өйткені апат қаупі жоғарылайды. Жаяу жүргіншілер де тротуарларда жұқа мұздың пайда болу қаупіне байланысты абай болуы қажет», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар коммуналдық қызмет басқармасы көктайғақ қаупіне байланысты, әсіресе әл-Фараби даңғылынан жоғары аймақтарда көлік иелері қауіпсіздік үшін жазғы дөңгелектерін қысқы дөңгелектерге ертерек ауыстыруға кеңес береді.
Айта кетейік, Қазақстанда заң бойынша 30 қарашаға дейін барлық көлік иелері қысқы шиналарға ауысуы керек. 2024 жылдың 1 желтоқсанынан бастап жазғы дөңгелекпен жүрген жүргізушілерге айыппұл салынуы мүмкін.
Жазғы дөңгелекті айырбастамай жүргендерге 5 АЕК (17 250 теңге) көлемінде айыппұл салынады, ал қайталанған жағдайда айыппұл 10 АЕК-ті (34 500 теңге) құрайды.