Алматыда Damubala платформасы спорт пен үйірмеге қатысатын балалардың сабаққа қатысуын Face ID жүйесі арқылы тексереді. Әр сабаққа қатысар алдында бала FarFaces арқылы тіркеледі. Жүйе автоматты түрде сабақтың уақыты мен орнын тіркеп отырады.
Бұл жаңашылдық жергілікті бюджет қаражаты тек нақты қатысқан балаларға төленуі үшін жасалынып отыр.
Бұған дейін, әкімдік спорттық үйірмелер мен секцияларға тексеріс жүргізген еді. Нәтижесінде кейбір спорттық үйірмелердің санитарлық және қауіпсіздік талаптарына сай келмейтіні анықталған.
Осындай олқылықтардан кейін әкімдік балалардың секцияға қатысуын бақылау үшін FarFaces жүйесін енгізді.
«Бұл жүйе баланың әрбір сабаққа қатысуын тіркеп, тек нақты көрсетілген қызметке ғана төлем жүргізуге мүмкіндік береді. DamuBala қосымшасында күн, уақыт және геолокация тіркеледі. Жүйені енгізу және оның жұмыс істеу шығыны жылдың соңына дейін қалалық бюджет есебінен өтеледі. Жеткізушілер аудан әкімдіктерімен қосымша келісімдерге қол қояды», – делінген баспасөз хабарламасында.
Әкімдік мәліметінше, биыл шығармашылық және спорттық мемлекеттік тапсырысты іске асыруға шамамен 16,5 млрд теңге бөлінген. Үйірмелер мен секцияларға 72 633 бала қатысады. Ал оларға 1038 жеткізуші қызмет көрсетеді.