Қазақстан бидай экспортынан 494 млн доллар пайда тапты
Қазақстан бидай экспортынан 494 млн доллар пайда тапты, бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, 2024 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында Қазақстан 2,4 млн тонна бидай мен меслин экспорттап, 494,1 млн доллар пайда тапты. Экспорттың негізгі бағыты – көршілес елдер: Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Қытай және Ауғанстан.
Сонымен қатар елімізде 270-ке жуық кәсіпорын жылына 9,1 млн тонна ұн өндіреді. Бұл ішкі тұтыну көлемінен екі есе артық.
2024 жылдың 8 айында 2 млн тоннадан астам ұн өндірілсе, 329 мың тонна нан өндірілді.
Нан өндірісі еліміздің ішкі нарығын толық қамтамасыз етеді. Нан өндірушілер халықтың нанға деген қажеттілігін қанағаттандырумен қатар, нарықтағы сұранысқа байланысты шығарылатын өнім ассортиментін кеңейту бойынша да белсенді жұмыс істеуде: бұл негізінен нан-тоқаш, кондитерлік өнімдер, қысқа және ұзақ сақталатын ұннан жасалған өнімдер.
Еске сала кетейік, Ресей бидайы ішкі нарық пен экспорттық бағыттарға қысым көрсете бастағандықтан, Қазақстан бидай импортына тыйым салған болатын. 2024 жылдың алғашқы 5 айында елге Ресей Федерациясынан 1 млн тоннадан астам бидай әкелінген.
Сонымен бірге биыл елде астық мол түскен. Министрлік мәліметінше, 1 шілдедегі жағдай бойынша республикада шамамен 6,1 млн тонна астық қоры бар. Оның ішінде бидай – 5,1 млн тонна. 4 млн тоннасы азық-түлік мақсатында пайдаланылады.