Жаңалықтар

Алаяқтар рәсімдеген онлайн несие қандай жағдайда кешіріледі – ҚНРДА басшысы түсіндірді

Алаяқтар рәсімдеген несие екі жағдайда есептен шығарылады / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Азаматтардың атына алаяқтық жолмен рәсімделген несие есептен шығарылады. Бұл жайлы Мәжілісте Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова айтты.

Агенттік басшысы есептен шығару тек сот шешімі бойынша жүзеге асырылатынын айтты. Алаяқтар рәсімдеген онлайн несие мына екі жағдайда есептен шығарылуы мүмкін:

  • e-Gov порталы арқылы онлайн-несиеге тыйым салынғанына қарамастан, несие рәсімделген болса;
  • азаматтың қатысуынсыз жеке деректері қолды болып, атына несие рәсімделген жағдайда.

«Қазіргі уақытта біз алаяқтық жолмен рәсімделген несиелерді есептен шығару мәселесін қарастырып жатырмыз. Азаматтар онлайн несие рәсімдеуге e-Gov порталы арқылы тыйым сала алады. Бүгінгі күні 700 мыңға жуық азамат ерікті негізде онлайн несие рәрімдеуге тыйым салды. Осы тыйымға қарамастан, азаматтардың атына несие рәсімделген болса, сот шешімімен мұндай несиелер міндетті түрде есептен шығарылады»,  – деді агенттік төрағасы.

Осы жылдың маусым айынан бастап, биометриялық деректер ұсынуға қатысты талаптар күшейтілген. Сонымен бірге онлайн несие беруге қатысты екі факторлы аутентификация жүргізіле бастаған. Агенттік төрағасы соған қарамастан, алаяқтардың қарыз алушының өзінің келісімімен, қатысуымен несие рәсімдеп жататынын айтты. Осыған байланысты агенттік алаяқтардың қатысуымен рәсімделетін онлайн несиелерге қатысты критерийлерді зерделеп жатқанын жеткізді.

«Алаяқтардың қатысуымен рәсімделген онлайн-несиелерді есептен шығаруға қатысты критерийлерді кеңейтіп, азаматтарымыздың құқын қорғау мәселесін пысықтап жатырмыз», – деді агенттік өкілі.

Айта кетейік, бұл жиында онлайн алаяқтарға тосқауыл болу мәселесі де талқыланды. Депутаттар онлайн несиеге тыйым салу жөнінде бастама көтерген болатын. Алайда бұл бастаманы Ұлттық банк пен ҚНРДА қолдамайтынын жеткізді. Ведомство өкілдері мұндай тыйым банктердің цифрландыруына теріс әсер ететінін жеткізді.